«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ» ЖАЙЫ ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА
Елімізде білім саласының дамуына айрықша назар аударылып келе жатыр. Әсіресе, мектепке дейінгі білім мен орта білімдегі өзекті мәселелер шешімін тауып келеді. Мәселен, бұған дейін елімізде орын тапшылығы сынды түйткілді түйін бар болатын. Десе де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Бүгінде аталған бастама негізінде еліміздегі халық тығыз қоныстанған және мектептер тапшы өңірлерде білім ордалары бой көтеріп жатыр. Бұл қатарда халық саны миллионнан асқан мегаполис Шымкент те бар. Қазіргі таңда қала аумағында салынып жатқан білім нысандарының құрылысын қала әкімінің өзі қадағалап отыр.
Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде бастау алған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ғимараттарының құрылысына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар нысандарды инженерлік коммуникациялармен қамту, абаттандыру жайын, сондай-ақ құрылысты салу және пайдалануға беру мерзімдерін егжей-тегжейлі пысықтады. Сонымен қатар нысандарды салу кезінде қаланың жергілікті кәсіпорындарының, атап айтқанда, жиһаз фабрикаларының өнімдерін пайдалану қажеттілігі айтылды.
Жобаны іске асыру қала басшысының тікелей бақылауында екенін тағы да айта кеткеніміз жөн. Мәжіліс қорытындысы бойынша қала басшысы құрылысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау бойынша жауаптыларға нақты тапсырма берді. Мектептерді заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету және жайлы мектептерге білікті мамандарды даярлау мәселелерін шешуді тапсырды. Жалпы қалалық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Оның ішінде 2000 орындық – 8 мектеп, 1500 орындық – 2 мектеп, 1200 орындық – 7 мектеп және 600 орындық 1 мектеп бар.