КОЛЛЕДЖ ЖАСТАРЫ ҚҰНДЫ ДЕРЕКТЕРГЕ ҚАНЫҚ БОЛДЫ

Қаржылық сауаттың адам өміріндегі маңызы айрықша. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта қаржыны басқара алмайтын азаматтардың қатары қалың. Қарапайым заңдылықтарды білмегендіктен, оңай олжаға кенелгісі келіп, құмар ойынға әуестенетіндердің де саны жетерлік. Осының салдарынан қоғамда сан түрлі мәселелер туындап жатыр. Мұнымен күресудің жолы – өскелең ұрпаққа қаржылық сауатты үйрету.

Осы орайда, жуырда Түркістан қаласындағы «Түркістан көпсалалы индустриялдық-техникалық колледжінде» жастармен кездесу өтті. Лудомания мен қаржылық алаяқтыққа қарсы күресте белсенді жастарды жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылған «Қаржылық сауаттылық: жарқын болашаққа жетелейді» атты кездесуде колледж студенттері өз ойларында жүрген түйткілді сауалдарды жолдап, жиынға келген спикерлерден тиісті жауаптарын ала алды. Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен бұл басқосуға жалпы саны жүзге жуық жас қатысты. Сонымен қатар аталған іс-шараға Полиция лейтенанты, аумақтық жасөспірімдер ісі жөніндегі учаскелік полиция инпекторы Жолдас Дархан, Түркістан қалалық полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция аға лейтенаты Алтан Нуртаза, Түркістан адалдық алаңы жобалық кеңсесінің басшысы Абуова Нұржахан және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Ермахан Мырзабай қатысып, жастардың лудомания сынды қоғамның дертіне айналып тұрған өзекті мәселеден бойларын алшақ ұстау керектігін баяндады.
Қазіргі таңда жастардың арасында үлкен дертке айналған бұл мәселемен күрес әлі де жалғаса бермек. Әр аптаның бір күнінде осындай жастармен кездесу арқылы олардың бойындағы сан алуан сұрақтарына ашық жауап беріп, бұл дертті де жеңеміз деген сеніміміз мол дейді спикерлер. Ал басқосуды ұйымдастырған Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары Қанат Жұмашев пен Салтанат Ержанқызы мұндай шаралардың маңызы қашан да жоғары екенін, сол арқылы қоғамдық індетке айналған мәселемен күресуге болатынын айтады.