«ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫ – ТӘУЕЛДІЛІК ҚАҚПАНЫ» АТТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Соңғы уақытта ғаламтордың кең қолданысқа енуі қоғам өмірін айрықша жеңілдетті. Десе де түрлі келеңсіздіктер де әлеумет арасында жиі тарап жатыр. Өзіне еліктіріп, тәуелділікке ұрындыратын істер көбейді. Солардың қатарында құмар ойындары бар. Бүгінде әлемде оған тәуелділер миллиондап саналады. Елімізде де құмардың құрығына түскен жандардың қатары қалың. Бұл процесс әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан да онымен күресіп, азаматтарды, оның ішінде жастарды жат қылықтан арашалаудың маңызы айрықша.
Осы орайда, мемекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» деген болатын. Десе де құмар ойындарды насихаттап, ілмегіне ілдіретін түрлі сайттарды бұғаттаумен мәселе толық шешілмейді. Оны жою үшін әлеуметті, оның ішінде жастарды, ата-аналарды бұл келеңсіздіктен қорғап, ақпараттандыру қажет. Осы орайда, жуырда Түркістан облысы білім басқармасы, Сайрам аудандық бөлімінің Төле би атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінде ата-аналарды педагогикалық қолдау аясында «Құмар ойындары — тәуелділік қақпаны. Балалардың компьютерлік ойындарға тәуелділігін қалай еңсеруге болады?» тақырыбында ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды.
Шара мақсаты – ата-аналардың интернет ресурстарды қауіпсіз пайдалану, балалардың ойынға тәуелділігін жеңу дағдыларын дамыту. Жиналыс барысында ата-аналар комитетінің төрайымы Ж.Байжанова балалардың компьютерлік ойындарға тәуелділігінің түрлерін атап көрсетті. Сонымен бірге компьютерлік ойындардың негізгі мәселелерін, салдары мен мүмкіндіктерін талқылады. Педагогтер интернет кеңістігінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керегін ата-аналарға түсіндіріп өтті. Бұдан бөлек, құмар ойындарының балаға әсері, тәуелділіктің салдары турасында кеңінен ақпарат берілді. Ойынқұмарлыққа салынған балалардың психологиясында қандай өзгерістер болатыны бейнеролик арқылы көрсетілді. Ата-аналар жиын барысында құнды деректер алғанын, алдағы уақытта мұндай келеңсіздікпен күресетіндерін жеткізді.