ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚҰМАРТПА!

оқушылармен кездесу ұйымдастырылды

Қазақ халқында «Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы», «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөздер бар. Осы сөздердің мәніне терең үңілер болсақ, бүгінгі жас ұрпақтың ертеңгі күні еліміздің тізгінін ұстайтын басшы азаматтарға айналатынын, болашақта ел билігі жастардың қолында болатынын білдіреді. Сондықтан елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып келеді. Дегенмен күрмеуі қатты мәселелер де жоқ емес.
Солардың бірі турасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс» дей келе, құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берген болатын. Жалпы өзекті мәселе, өткір түйінде шешу үшін әуелі ақпараттық насихат жүруі тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, құмар ойындарымен күрестің алдын алу бойынша Түркістан облысына қарасты аудандарда нақты шаралар жоспары бекітіліп, соған сай бастамалар көтеріліп келеді. Мәселен, жуырда Сарығаш ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция инпекторлары тарапынан мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды.
Жиында қоғамдық кеселге айналған құмар ойындары турасында кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар ойынға деген тәуелділіктің зорлық-зомбылық, буллинг, бопсалау сынды заңға томпақ келетін әрекеттермен шырмала жүретіні түсіндірілді. Аталған жиындар бұған дейін де ұдайы ұйымдастырылып келген болатын. Нақтырағы, күні бүгінге дейін Сарыағаш ауданына қарасты Қапланбек ауылдық округіндегі №55 О.Жәутіков атындағы, №13 Мәңгілік ел атындағы, №7 Төле би атындағы, сонымен қатар Қызылжар ауылдық округіндегі №75 Ж.Жабаев атындағы білім ордалары мен №72 жалпы орта мектебінде 7-11 сынып оқушыларымен кездесулер өткізілді. Түсіндірме жұмыстары барысында жастарға құнды деректер айтылып, құмар ойындарының зарары ауыр болатыны сөз болды. Оқушылар өздерін мазалаған сауалдарын спикерлерге қойып, толыққанды жауаптарын алғанын да айта кету керек.