МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Құмар ойын құрдымға батырады. Бүгінде аталған мәселе қоғамда кең етек жайып барады. Осының салдарынан шаңырағы бұзылып, түрлі келеңсіздіктерге душар болып жатқан азаматтар аз емес. Сондықтан мұндай күрмеуі қатты түйткілмен күрес шаралары елімізде қарқынды жүргізіліп келеді. Алдағы бірнеше жылда ауқымды іс-шаралар жүзеге асады. Бұл ғана емес, қазірдің өзінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі материалымызда сондай шаралардың бірі турасында тарқата жазбақпыз…

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің Персоналды басқару қызметінің басшысы-Әдеп жөніндегі уәкілдің міндеті жүктелген Жұмагүл Тайжанова Департаменттің мемлекеттік қызметшілерімен 2024 жылғы 19 сәуірде ойын мекемесіне барудан тартыну жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мәселен, қазіргі кезде жастарды еліктіріп, жаман жолға бастайтын жолдардың бірі – құмар ойыны. Оған салынып жатқан көп жастардың отбасынан береке кетіп, жолы болмай, небір қиыншылықтарға тап болып жүргені бесенеден белгілі. Еңбектеніп тапқан табысын картаға, футбол сияқты букмекерлік кеңселерге салып сан соғып, бармақ тістеп қалып жатқан жастарды көп кездестіруге болады.
Негізінен қазіргі кезде осы құмар ойынның кесірінен көп жастарымыздың жұмыс жасауға деген қабілеттері төмендеп, еріншектік қасиеттері басым болып бара жатыр. Ақша табудың осындай жеңіл жолын көздеген жастарымыздың қоғамға да, отбасына да, өзіне де көп зиян келтіріп жатқанын білсе екен дейді шараны ұйымдастырушылар. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деген мақалдың мәнін түсініп, ризық-несібесін адал жолмен тапқанға не жетсін?! Иә, шын мәнінде, қазіргі жастардың алдағы көздеген мақсаты – тез баю. Сондықтан да әртүрлі жылдам ақша табатын көздерді іздеп, соған қарай ұмтылады. Бірақ қазақ елінің болашағы, ертеңі деп сеніп отырған жастың көздегені ақша болса, елдің намысының өшкені, намыс өшсе ол ұлт жойылады деген сөз. Сондай-ақ «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп қазақ халқы бекерден-бекер айтпаса керек. Өз болашағын баянды еткісі келсе, ақшаны адал тапқысы келсе, тек еңбекпен ғана жету басты ұстаным болуы тиіс.
Құмар ойын – адамның біліктілігіне қарағанда сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Себебі құмар ойындардың заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып олжасын еселегісі келеді. Ойын шарты бойынша адам ақыр соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырауы тиіс. Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр үміттің арбауында қалып, тоқтаусыз ойынды жалғастыра берушілер де аз емес. Адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше факторлар бар. Біріншіден, өз-өзіне деген сенімсіздік, төмен бағалау. Шынайы өмірден гөрі виртуалды өмірге жақын болу, өз сезімін басқара алмау. Екіншіден, өз-өзіне көңілі толмаушылық, жалғыздық, ешбір еңбексіз бірден байып кету тілегі, психикалық ауруға деген бейімділігі және басқа да тәуелділіктер.
Тәуелді адамның ішкі проблемасына, мұқтаждықтарына, жасырын комплекстеріне, конфликтілік жағдайларына, сенімге және адамның терең, ішкі балалық шақтағы психологиялық жарақаттарын емдеумен қатар жүреді. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау да маңызды орын алады. Яғни достары мен жақын туыстарының қолдауы, өзара жылы қарым-қатынас, сүйікті ісімен айналысу, еңбекке және спортқа бейімдеу, ең негізгісі – өзінің емделуге деген жоғары қауқары мен сенімділігі. Жалпы құмар ойындарының зардабы елдің дамуына өзіндік кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ерекше ықпал ететіндігі сөзсіз екендігін нақты ұғынуға тиіспіз. Құмар ойындарын түпкілікті тамырымен жойып жіберу мүмкін емес. Дегенмен де не нәрсенің де шегін білсек, құба-құп. Осы орайда, жоғарыда атап өткен шара барысында аталған ойын турасында кеңінен ақпарат берілді. Жиынға қатысушылар тақырып төңірегіндегі пікірлерін ортаға салып, ойымен бөлісті.
Айта кету керек, жуырда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өткен болатын. Онда депутаттар ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді депутаттар Мемлекет басшысының құмар ойындарға тәуелділікке қарсы күресті күшейту туралы тапсырмасы аясында әзірледі. Жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев құмар ойынға тәуелділікпен күресу қоғам үшін өзекті мәселе екенін атап өтті. Өз сөзінде «Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын байқаймыз. Сондықтан мұндай жағдайға әкелетін себептерді жойып, қоғамды бұл дерттен сауықтыру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бүгін қарастырғалы отырған заң жобалары осы мәселені барынша ауыздықтап, реттеуге арналған» деді ол.
Депутат заң жобасында букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылғанын айтты. Енді үйлерде, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көліктерде сыртқы жарнама орналастыруға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кинода, мобильді операторлардың SMS хабарламаларында да жарнамаға толық тыйым салынады. Бұл тыйым әлеуметтік желідегі блогерлерге де қатысты. Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудың жасы 21-ден 25 жасқа дейін көтеріледі. Алимент және несие берешегі өтелмеген азаматтар, яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде тұрған тұлғалар құмар ойындарға қатыса алмайды. Аталған санаттарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.