КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУДЕ ҚОҒАМДАҒЫ ТҮЙТКІЛДІ ТҮЙІНДЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгінде елімізде құмар ойындарынан келетін қауіп үлкен мәселеге айналып отыр. Мұндай ойын түрі күн өткен сайын түрленіп, қоғамға келтіретін зияны ұлғайып келеді. Оңай жолмен табыс табуға құныққан адам әртүрлі қиындықтарға душар болып, қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, яғни тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды. Жасыратыны жоқ, құмар ойын адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге де жеткізуде. Сондықтан Түркістан облысына қарасты аудандарда аталған ойын түрімен күрес шаралары қарқынды жүріп келеді. Нақтырағы, заң нормалары мен негізгі талаптар түсіндірілуде.
Мәселен, жуырда Төлеби аудандық сотының төрағасы Ғ.Байарыстан Көксәйек ауылдық округінің халқымен кездесті. Тарқата баяндасақ, аудандық соттың төрағасы Төлеби аудандық сотының қызметін ақпараттық жариялау бойынша 2024 жылдың I жартыжылдығына арналған медиажоспардың 6-бөлігінде көзделген «Көксәйек ауылдық округі әкімдігінде халықпен кездесу өткізу» туралы бөлігін орындау мақсатында Төлеби ауданы, Көксәйек ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Оған Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Сүгіралиев, аудандық билер кеңесінің төрағасы М.Бекболатов, Көксәйек ауылдық округі әкімі және әкімдіктің мемлекеттік қызметкерлері, ауыл биі Т.Жамалов, учаскелік полиция инспекторы, сонымен қатар ауыл тұрғындары қатысты. Кездесу барысында сот төрағасы ауыл тұрғындарына сот жүйесіндегі жаңашылдықтарды, сотқа жүгіну тәртіптері, сотта қолданылып отырған жаңа технологиялардың, ахуалдық орталықтың тиімді тұстарын атап өтті.
Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық, әсіресе отбасылық қатынастар аясында сотта жиі орын алатын қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылық істер бойынша, сондай-ақ бұл бағытта жауапкершілік қатаңдатылып жатқандығына түсіндірме жасады. Басты мәселе ретінде де бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында әкімшілік құқықбұзушылық пен қылмыстық құқықбұзушылықты жасау салдарын түсіндіріп, түнгі уақытта жасөспірімдердің ата-анасыз жүруі, себепсіз оқуға бармауы, қоғамдық тәртіпті бұзуы, олардың алькоголдік ішімдікке әуес болып, қылмыстық бұзақылық жасауы, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы, олардың тікелей ата-анасының жауапкершілікке әкеп соғатынын ауыл тұрғындарына түсіндірді. Бұдан бөлек, аудандық соттың төрағасы жиын барысында қазіргі жастардың арасында кеңінен тарап жатқан құмар ойындары турасында толыққанды ақпарат берді. Бұл ойын түріне қатты әуестіктің тәуелділікке ұрындырып, соңында заң талаптарына томпақ келетін әрекеттерге ұласуы мүмкін екенін сөз етті. Ауыл тұрғындарына құмар ойынға қызығып, соңында құрығына іліккен жандардың қандай жаза тартқанын түсіндірді. Заң нормалары турасында да ашып айтып өтті. Жиын барысында ауыл ақсақалдары мен тұрғындары жастарды мұндай зардабы ауыр ойындардан аулақ қылу бойынша өз ұсыныстарын айтып, пікірлерін жеткізді.
Айта кету керек, жуырда Мәжілісте құмар ойындарының жарнамасына қатысты жаңа заң нормасы қаралды. Осының негізінде, алдағы уақытта электронды казино мен онлайн казино қызметін ұйымдастырған заңды тұлғаларға қылмыстық жаза қолданылады. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру ұйымдарында, ғибадат үйлері мен құрылыстарында лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады. Сонымен қатар ойын бизнесін ұйымдастырушылар енді өздерінің аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндеттеледі. Дауыс беру қорытындысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы құмар ойынмен күресу туралы заңды осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырғанына назар аударды. Өз сөзінде «Депутаттар екінші оқылымға дейін осы және басқа да ұсыныстарды мұқият зерделеп, заң жобасын жан-жақты талқылап, тағы да пысықтауы керек. Бұл жұмысқа сарапшыларды, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, барлық мүдделі тарапты тартқан жөн» деді Мәжіліс төрағасы.