ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ КӨЛІК ЖҮЙЕСІ КЕПТЕЛІСТІ АЗАЙТУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ

Шымкент – республикадағы халық саны қарқынды өсіп келе жатқан қалалардың бірі. Сәйкесінше, бұл процесс жол инфрақұрылымына ауқымды салмақ салады. Өйткені халық саны артқан сайын автокөліктердің көбеюі де белгілі. Сондықтан үшінші мегаполисте қалың кептелістің қатарын сиретіп, жол бойындағы қозғалысты бақылауда ұстау мақсатында ақылды жүйені қолданысқа енгізбек. Бұдан бөлек, бірқатар тың бастамалар да қолға алынып жатыр. Тарқатайық…

Шаһардағы 10 көшеде жол бөлігінің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қайта өңдеу технологиясы қолданылып, 8 көшеге микросерфейсинг технологиясы енгізіледі. Айта кету керек, микросюрфейсинг технологиясының ерекшелігі суды сіңірмейді, жол сораптарын болдырмайды, жолдың пішінін түзейді, автомобиль көлігінің қозғалыс барысындағы шуылын азайтады. Аталған жол жабындысы ауыр салмақтың түсуіне төзімді келеді және 5 жылға дейін жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Сонымен қатар қаланың орталық көшелеріне «қалқымалы» қақпақтар орнатылмақ. Бұл кәріз қақпақтарының істен шығуына және көлік жүктемесіне байланысты олардың бұзылуына жол бермейді.
Шымкентте жолдарды күтіп ұстау, жаңғырту да — негізгі жұмыстардың бірі. Осы бағытта бірқатар қолданыстағы автомобиль жолдары мен тротуарларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жол белгілері, бағдаршамдар орнатылып, жаңартылуда. Жалпы қалада қоғамдық көлік сапасын жақсарту мақсатында түйткілді мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Сонымен бірге қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде қала аумағында 1886 аялдама бар. Оның 500-і — жаңа. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін қосымша 4 мың жол белгісі, 39 бағдаршам қойылады. Сонымен бірге 10 мектептің жанынан трапеция тәрізді жаяу жүргіншілер өткелі орнатылады деп жоспарлануда. Кейбір қауіпті учаскелерге, мектептер мен балабақшалардың маңына 1500 метр жасанды жол кедергілер қойылады. Тағы бір маңызды іс-шараның бірі — жыл соңына дейін 190 бағдаршам нысанына интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарлануда. Ол жол қиылыстарындағы көлік өткізу қабілетін арттыруға көмектеседі. Сәйкесінше, бұл қаладағы кептелісті азайтуға, көлік ағынын реттеуге ықпал етеді. Айрықша айта кетерлігі, 2026 жылға қарай қаладағы барлық бағдаршамдар толық интеллектуалды көлік жүйесі — ITS-ке қосылады.