САПАЛЫ КАДР САЛАНЫ ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ

Сапалы маман саланы өрге сүйрейді. Сәйкесінше, елімізде білікті кадрларға деген сұраныс жоғары. Өзі меңгерген мамандық бойынша қалтқысыз қызмет етіп жатқандардың арқасында бірқатар салаларда серпін байқалып келе жатыр. Дегенмен әлі күнге күрмеуі шешілмеген мәселелер бар. Тарқатайық…

Жуырда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес мүшелері, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері «Энергоорталық-3» АҚ-ның жұмысымен танысып, жұмысшылардың талап-тілектерін тыңдады. Жұмысшы-мамандардың айтуы бойынша, кәсіпорында білікті мамандардың жоқтығы қиындық келтіруде. Жалақының аздығынан тәжірибелі мамандар табысы жоғары жұмыс іздеп, басқа кәсіпорындарға кетіп қалған. Сондықтан осы мәселе шешімін таппаса, жұмыс тұралап қалуы мүмкін. Ал Шымкентте кәсіпорынға қажетті мамандарды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, политехникалық колледж, Алматы энергоинституты даярлайды. Сондықтан жиында оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, студенттерді кәсіпорында іс-тәжірибен өткізіп, болашақта кәсіпорынға жұмысқа алу мәселесін жолға қою керектігі айтылды.
Жұмысшы-мамандардың уәжін тыңдаған «AMANAT» партиясының өкілдері бұл мәселені бақылауына алатындықтарын жеткізді. Жалпы «Энергоорталық-3» АҚ — Шымкенттегі жылу өндіретін ең ірі кәсіпорын. Оның құрамына 3-жылу электр станциясы, жалпы аумағы 234,4 шақырымды құрайтын қос қатарлы жылу құбырлары жүйесі, 5 жылу қазандығы, 9 насос станциясы кіреді. Кәсіпорын Шымкент қаласының тұрғындарын толығымен жылумен қамтуға қабілетті. Сол себепті аталған мәселені шешудің маңызы зор.