ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖОСПАРҒА САЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Шымкентте инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында қыруар іс атқарылып жатқанын жазып келе жатырмыз. Жасыратыны жоқ, бүгінде қаланың аумағы үлкейіп келеді. Сәйкесінше, шаһардан шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардағы ағайынның мәселесін шешу мақсатында қазынадан қыруар қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылып келе жатыр. Ол қатарда жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында қолға алынған бастамалар да бар.

Жұмыстар қаладағы жолдардың сапасын арттырып, апатты жағдайлардың азаюына және көшелердегі кептелістердің айтарлықтай төмендеуіне бағытталған. Нақтырақ айтар болсақ, қаладағы негізгі жолдардың бірі — Қонаев даңғылы. Ондағы жол құрылыс жұмысы 7 кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта 1, 3 және 4-кезеңдері пайдалануға берілді. Ал 2 және 5-кезеңдер бойынша құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар Өтегенов көшесі ұзартылып, 1,2 кезектері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы Қонаев даңғылының 2-кезеңі мен Өтегенов көшесінің 1, 2-кезеңін биыл аяқтау жоспарланған. Айта кету керек, А-2 айналма жолын қайта жөндеу жұмыстары мегаполис басшысының тікелей бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар 8 кезеңнен тұрса, оның 1, 2 және 3-кезеңі аяқталып, өткен жылдың соңына дейін пайдалануға берілген болатын. Қазіргі кезде 4, 7 және 8-кезеңдерін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал келесі жылы 5 және 6- кезеңдері қолданысқа беріледі.
Бүгінде қаладағы Алтынсарин көшесі қайта жөнделмек. Ондағы негізгі мақсат — Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту. Сондай-ақ шаһардағы Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелерінде де күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жалпы биыл 144 көше орташа жөндеуден өтеді. Қаладағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кейбір көшелердегі шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізу жоспарға сай істеледі. Осы тұста айта кетерлігі, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес, 420 000 шаршы метр аумақты қалпына келтіру жоспарланған.