МАМАНДАР ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ
Қазіргі уақытта еліміздің әрбір өңірінде құмар ойындарынан жастарды сақтандыру бағытында бірқатар тың бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келеді. Оның ішінде Түркістан облысында қолға алынып жатқан жұмыстар көп. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында іс-шаралар турасында тарқата баяндаған едік. Жуырда тағы бір осындай шара ұйымдастырылды.
Нақтырағы, Түркістан облысы Түлкібас ауданы Т.Иманбеков атындағы жалпы білім беретін мектебінде 19 сәуір күні Түлкібас ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологы Орынбасар Тасболат, аудандық полиция бөлімінің Түлкібас АПБ ЮПТ инспекторы, полиция майоры Наурызкулова Асель Науанбековна және Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі бөлімшесі психолог маманы Махаматханова Индира Мырзатайкызы жастармен келелі кездесу өткізді. Жиынға қазіргі уақытта өскелең ұрпақ арасында кеңінен тарап жатқан түйткілді мәселелер арқау болды. Тарқата баяндасақ, спикерлер салауатты өмір салтын ұстану, есірткіге қарсы күрес, алкогольдік ішімдіктерге әуес болмау, теріс пиғылды түрлі топтардың арандатуына түспеу, зорлық-зомбылық пен буллингке жол бермеу сынды тақырыптарда құнды кеңестер мен қажет мәліметтерді айтты.
Бұдан бөлек, жиын барысында қазіргі уақытта күн тәртібінен түспей тұрған ойынға деген тәуелділік, құмар ойынға әуестік, лудомания тақырыптары жайлы да өзекті ойлар айтылды. Спикерлердің мәлімдеуінше, құмар ойынның құрығына түскен жастар қоғамнан оқшаулана бастайды. Телефонға, ойынға тәуелді болғаны сонша, айналасын елемей, тар шеңберде өмір сүре береді. Бұл – ауру. Сәйкесінше, оның дерт екенін оңай олжаға кенелгісі келген жастар аңғармай да қалады. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар, мектептегі психологтар әр баланың мінез-құлқында болатын өзгерістерді жіті бақылап, тиісті шараларды көріп отыруы тиіс. Осы және өзге де мәліметтер айтылған жиында жастар өздерін мазалаған сауалдарын жолдап, нақты жауаптар алды. Айта кету керек, мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.