ӨМІРІ ӨНЕГЕМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН
Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Қарасу ауылында тұратын аяулы әпкеміз Тұрғанай Бұхарова бүгінде 70 жасқа толып отыр. Мерейтой иесін осы айтулы қуанышымен шын жүректен құттықтап, оның өмір және еңбек жолы жайлы әңгіме өрбітуді ұйғардық.
Тұрғанай Құралбаева 1954 жылы 23 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданындағы Қызыл ту ауылында жарық дүниеге келген (1956 жылы 13 ақпанда Өзбекстанға беріліп кеткен бұл аудандағы әлгі елді мекен қазір Жаңа ауыл деп аталады). Ата-анасы – Тасқара мен Шырайкүл қарапайым еңбек адамдары болған. Біздің кейіпкеріміз өз ауылындағы Юрий Алексеевич Гагарин атындағы сегізжылдық мектепті (қазіргі №28 орта мектеп), кейіннен көрші ауылдағы Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепті (қазіргі №29 орта мектеп) ойдағыдай бітірген. Өзінің алғашқы ұстазы – Смайыл ағай мен Тұрдықұл, Керімқұл, Әбдірахмет, Нышан есімді мұғалімдерді әркез жадында ұстап, мақтан тұтады.
Кішкентайынан зерек те ізденімпаз болып өскен талантты жас белгілі бір мамандық иесі атану жолында астанаға аттанады. Сөйтіп Ташкенттегі байланыс политехникумына оқуға түседі. Мұндай арнаулы оқу орны сол кездегі еліміздің жүрегі – Мәскеу мен Украинаның астанасы – Киевте, үшіншісі Өзбекстаның бас қаласында ғана болған екен. 1974 жылы аталмыш арнаулы оқу орнын тәмамдап, байланыс саласының операторы мамандығын алып шығады.
Өзінің еңбек жолын аудан орталығы – Газалкент қаласындағы аудандық байланыс торабында оператор болып бастайды. Көп өтпестен Шыршықтағы қалалық байланыс торабына ауысады. Мұнда да алдымен оператор, кейіннен байланыс бөлімшесінің басшысы болып қызмет істейді.
1975 жылы Шымкент (қазіргі Түркістан) облысындағы Қазығұрт ауданының Алтынтөбе ауылына қарасты Қаржан елді мекенінің тумасы Ағайдар Бұхаровпен отбасын құрады. Ташкент политехникалық институтының Шыршық қаласындағы филиалын бітірген жұбайы Өзбекстан химия өнеркәсібінің алыбы – Шыршықтағы «Химпром» өндірістік бірлестігінде (қазіргі «Maxam Shirshik» акционерлік қоғамы), «Капролактамда» электромонтер, инженер-энергетик болып қызмет істейді. Жас жұбайлар өз жұмыстарын ұқыпты да тиянақты атқаруының арқасында өздерінің еңбек ұжымдарында зор сый-құрметке бөленеді. Сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерімен қоян-қолтық еңбек етіп, олардың басым көпшілігімен достасып кетеді. Ерен еңбектері еленіп, бірнеше мәрте «Құрмет» грамоталарымен қатар қаржылай және заттай сыйлықтар иеленеді.
1976 жылы ерлі-зайыптылардың Батпа және Зәуре есімді егіз қыздары жарық дүние есігін ашады. Араға екі жыл салып Гүлжан, тағы екі жылдан кейін Нұрлан өмірге келеді. Ата-анасының тәлімді тәрбиесін көріп өскен олардың бәрі де жақсы азамат, бауырмал жандар болып қалыптасып шығады.
Кеңес Одағы тарап, әр республика тәуелсіздік ала бастаған шақ өмірге келеді. Таяу және шалғай шетелдердегі қандастарымыз атамекенге оралуға ұйғарым жасайды. Осылайша 2002 жылы Бұхаровтар отбасы да «Үш жүз алпыс әулие» мәңгілікке қоныс тапқан маңғаз Маңғыстау маңайына, дәлірегі ажарлы Ақтауға ат басын бұрады. Қарт Каспийдің жағалауындағы шағын да көркем қаланың тұрғындарына айналады. Қазақстан азаматы атанады. Ағайдар МАЭК-те (Маңғыстау атом электр кешені) инженер-энергетик, алтыншы разрядты электромонтер, ал Тұрғанай қалалық байланыс торабында телефонистка болып қызмет істейді. Жақсы жұмыстары орынды бағаланып, «Еңбек ардагері» атанады. Қаншама Алғыс хаттар алады.
Алматыдағы энергетика институтын ойдағыдай тәмамдаған ұлдары – Нұрлан байланыс саласының инженері мамандығын меңгеріп шығады. Өзбекстанда туып-өскен Айнаш есімді ақ желеңді абзал жанмен танысып, бақытты жанұя құрады. Өзінің еңбек жолын Ақтауда бастаған Нұрлан кейіннен Семейде істейді. Бүгінде Шымкентте «Қазақтелеком» компаниясында Кселл байланысы саласында қызмет етеді. Айнаш өз мамандығы бойынша жұмыс істейді.
Ақтауда қалып қойған Батпа – мейірбике ретінде халық денсаулығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет істеп жүр. Оның қызы Аделина мектепте оқиды. Зәуре – көлік логистика саласының маманы. Ерен еңбегі еленген ол таяуда Польшаға саяхат жасап қайтты. Электрик мамандығын меңгерген жұбайы Рүстем екеуі – бір ұл, бір қыздың ата-анасы. Сапары – мебель саласының дизайнері. Алинасы – туризм саласының маманы ретінде Түркия мен Грузияның бірқатар қалаларын аралап қайтқан.
Құрметті еңбек демалысына шыққан Бұхаровтар 2013 жылы шуақты Оңтүстікке қоныс аударады. Сөйтіп Сайрам ауданындағы Қарасу ауылына көшіп келеді.
Осында тұратын қызы – Гүлжан бүгінде тамақ өнеркәсібі саласында жемісті еңбек етіп жүр. Арнайы сертификат алып, жастарға шеберлік сабақтарын өткізуде. Күйеу баласы Мадияр – қолынан келмейтіні жоқ әмбебап жігіт. Құрыш қолды құрылысшы. Көлік те жүргізеді. Вахталық жұмыстан да кетәрі емес. Олардың Мәдина есімді қыздары Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін стандарттау және сертификаттау мамандығы бойынша бітірген. Күйеу баласы Рамазан – теміржол саласының маманы. Бүгінде көлік жүргізуші болып істеуде. Ұлдары Санжар – Шымкент университеті құқықтану мамандығының түлегі. Жандос – еркін күрестен көптеген медальдар жеңіп алған саңлақ спортшы. Бүгінде Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүр.
Жарасымды жұп – үлкен жүректі ілтипатшыл жан Ағайдар мен мінәйім ілтипатшыл жан Тұрғанай Бұхаровтар қырық жылдай уақыт бақытты ғұмыр кешті. Қыздарын ұзатып, келін түсіріп, немере сүйді. Өкінішке орай, Ағайдар жезде осыдан он жыл бұрын бақилық болған-тұғын.
Осыдан бес жыл бұрын Тұрғанай Бұхарованың 65 жасқа толған мерейтойында «Әпкетай, құтты болсын туған күнің!» атты өлең оқыған едік:
Сеніміне ие болып Ағайдардың,
Сыйына бөлендіңіз талайлардың.
Алла берген денсаулықтың арқасында
Көргейсіз жүзін әлі талай айдың.
Ағайыннан хабар мен хат алдыңыз,
Үлкендерден қашанда бата алдыңыз.
Ұшырып ұлды ұяға, қызды қияға,
Аяулы ана, әзіз әже атандыңыз.
Ұл-қыздарың, немерелер ортасында,
Кеп қалыпсыз алпыстың ортасына.
Әпкетай, құтты болсын туған күнің,
Бақ-береке тілейміз отбасыңа!
Ізгілікке толы тұла бойыңыз да,
Жақсылық жасау дәйім ойыңызда.
Араласқан жердің бәрі аман болып,
Жолығайық жүзге келген тойыңызда!
Тұрғанай әпке бүгінде төрт перзентінен он немере сүйіп отырған ақ жаулықты әже. Олар – Аделина, Сапар, Алина, Мәдина, Санжар, Жандос, Нұрай, Рамазан, Айзере, Бексұлтан. Немересі Мәдинадан Ханшайым есімді шөбере сүйіп, оның қолынан май жалап отырған ғазиз жан. Ал Раяна есімді екінші шөбересі қырқынан енді шыққалы отыр.
Біздің аяулы Тұрғанай әпкеміз – Рәбия, Зәмира, Гүлмира есімді сыныптастарымен, жан құрбысы Тұмармен сыйлас та сырлас. Мың жылдық құда-құдағилары – Кенжебай, Рәзия Назарбековтер, Нұралы, Нәзипа Дүйсеновтер, Бауыржан, Зәуре Сансызбаевтармен тонның ішкі бауындай етене араласады. Ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңмен де жақсы қарым-қатынас жасайды. Той-томалақтарын, туған күндерін, кез келген қуаныштарын бірге атап өтеді.
Біздің тарапымыздан қойылған «Жетпістің жотасына шыққанда ел-жұртыңызға айтар ізгі тілегіңізді естісек» — деген сауалымызға кейіпкеріміз «Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр отбасының көретін көл-көсір қуаныш, шаттығы көбейе берсін! «Жұртпен көрген – ұлы той» демекші, әрбір жарық күн үшін Жаратушыға шүкіршілік етіп, ертеңгі күнге деген нық сеніммен ғұмыр кешкенге не жетсін! Ағайын-туыс, дос-жаран аман, жарқын заман болсын!» — деген жүрекжарды ниетін жеткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қарапайым еңбек адамдарына сый-құрмет көрсетуді жиі тілге тиек етеді. Расында да тек жұмыс пен отбасы жайын ғана күйттеп ғұмыр кешіп жүрген қарапайым жандар – Бұхаровтар отбасын қалай мақтасақ та жарасады. Ал соның бәрін ұйыстырып, ұйымдастырып отырған Тұрғанай әпке – шын мәнінде өмірін өнегемен өрнектеген жомарт жүректі бақытты жан деп бек сеніммен айта аламыз.
Аяулы Тұрғанай әпке, мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын! Алланың назарында, бақыттың базарында шалқып-тасып жүре беріңіз! Бәрімізге Сіздің ғасыр тойыңызды көруді жазсын! Көгілдір көктемнің керемет күнінде мына шуақты шумақтарды өзіңізге арнаймыз:
ШЫҚТЫҢЫЗ ЖЕТПІС ЖАСТЫҢ ЖОТАСЫНА
Шықтыңыз жетпіс жастың жотасына,
Дос-жаран, ағайынның ортасында.
Өсіріп ұл мен қызды, немерені,
Бақыты шалқыған бір отбасында.
Қызысың Қаңлы ішінде Тоғанайдың,
Туылғансыз кезінде толған айдың.
Жастайынан қағылез болып өскен
Кім білмейді сүйкімді қыз Тұрғанайды.
Қазығұрттың жолығып жігітіне,
Жалғадың сеніміңді үмітіңе.
Ағайдардай жар таптың мына өмірде
Түсірмеген Сізді ешбір күдігіне.
Жұбайыңмен бақытты шақ кешірдіңіз,
Ұлағатты ұл-қызды өсірдіңіз.
Қалдырып Шыршық пенен әз Ақтауды,
Отбасын Қарасуға көшірдіңіз.
Келін алып, сүйдіңіз немерені,
Гүлжаныңнан сүйдіңіз шөберені.
Жүзге жетіп жасыңыз, әпкетайым,
Сүйіңіз шөпшек пенен неменені.
Біз жақсы көреміз ғой өзіңізді,
Жақұттай жарқыраған көзіңізді.
Айтатын ақыл мен өсиетті,
Тыңдаймыз жалықпастан сөзіңізді.
Сыйлысыз дос-жаранның арасында,
Ұнатасыз олардың баласын да.
Танытып үлгі менен өнегені,
Ізгілікке жол сілтеп барасыз да.
Жанарыңнан төгілген мейірімің,
Байқатар дарқандығын пейіліңнің.
Сөздерің, сезімдерің, әпкетайым,
Көрсетер кіршіксізін көңіліңнің.
Қараймыз қызығумен бойыңызға,
Өзіңдей болу біздің ойымызда.
Жыр арнап кеп отырмыз қуанышпен
Жетпіске толған Сіздің тойыңызға.
Қосылсын жылдар талай жасыңызға,
Құдайым бақыт берсін басыңызға.
Арқасында қажымас денсаулықтың
Жүріңіз жадырап, жайнап қасымызда.
Ізгі тілекпен,
Фатима ҚАНАЕВА,
Әбдісаттар ӘЛІП.
Шымкент қаласы.