ХАЛЫҚТЫ ЕРТЕ ПІСЕТІН КӨКӨНІСТЕРМЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жыл сайын көктемде кейбір тауар түрлерінің бағасы шарықтап шыға келеді. Мұны сала мамандары қоймалардағы жеміс пен көкөністің азайып, ал егілгенінің әлі піспеуімен түсіндіреді. Дегенмен мұндай аралық кезеңде бағаны бақылап, тиісті шараларды көрудің маңызы айрықша. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан жұмыстар жетерлік. Жуырда Шымкент қаласында аталған тақырыпты арқау еткен ауқымды шара өтті.

Ашып айтсақ, Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында халықты ерте пісетін көкөністермен қамту мәселелеріне арналған аймақтық форум өтті. Оған Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы А.Әбілдабеков, Ауылшаруашылығы министрлігінің департамент директорының орынбасары Ш.Ахметов және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы өкілдері мен салалық басқармалар қызметкерлері, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары мен сауда желілерінің өкілдері қатысты. Ашық диалог алаңында тауарлардың бағасын тұрақтандыру тетіктері қарастырылып, өңірлерді сапалы өнімдермен қамтуда өзекті мәселелер талқыланды.
Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Бұл ретте Үкіметке Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Тапсырмаға сәйкес, бүгінде өңірлерде кешенді шаралар қолға алынды. Форумның мақсаты — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енетін көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруда, дефицитті алдын алуда көршілес мемлекеттерден тасымалданатын пияз, картоп, қырыққабат өнімдері бойынша алдын ала келісімшарт түзу, халықты бірінші қажетті өнімдермен тиімді бағада қамтамасыз ету. Осы орайда, жиында халықты ерте пісетін көкөністермен қамтамасыз етуде бірқатар келісімшарттар түзілді.