ЖАСТАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ОРТАҒА САЛЫНДЫ
Жастар арасында өзекті мәселе көп. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта жат ағымның жетегінде кетіп бара жатқан өскелең ұрпақ бар. Ұлт араздығын қоздыратын түрлі топтардың арбауына түсіп жатқандары қаншама. Осы орайда, мұндай ауқымды мәселелермен күрестің маңызы айрықша. Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Мәселен, жуырда үшінші мегаполисте осындай шаралардың бірі өтті.
Тарқатар болсақ, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ, дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ қызметкерлерінен құралған ақпараттық-насихаттық топ Мирас университетінің студент жастарымен кездесті. Кездесуде жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау, ұлт араздығы мен деструктивті діни ағымдардың алдын алу, жастар арасындағы тәрбие, ұлттық құндылықтарды сақтау, әскери борышты өтеу сынды мәселелер айтылды.
Әсіресе, кездесуде келген қонақтар жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтану, дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптеу, керағар ағымдар жайында және де шетелде діни білім алудың қауіпті екені жайында ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы кеңінен насихатталып жатқан кереғар ағымдардың ерекшеліктері мен теологиялық өзгешеліктерін айрықша атап өтті. Кездесу барысында жастар тарапынан тақырып аясында көптеген сұрақтар қойылып, теолог мамандары жан-жақты жауап берді.