ШЫМКЕНТТЕ КӘРІЗ ЖЕЛІЛЕРІН ЖАҢАРТУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Бұл сұраққа Оңтүстік (Чапаевка) шағынауданының тұрғындары нақты жауап бере алады. Өткен қыста бұл елді мекенде үлкен диаметрлі кәріз коллекторында бірнеше ірі апатты жағдай болды. Мұның бірден-бір себебі – тозығы жеткен желі, ол 1960 жылы салынған. Осы құбыр арқылы өнеркәсіп нысандарының шайынды суы ағады.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, коллекторда апат болуы ықтимал деген болжам әлдеқашан жасалған. Коллектор жаңартуға басымдық берілген нысандар тізіміне 2012 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы әзірленіп жатқан кезде енгізілген. Шымкенттегі сумен қамту және су бұру жүйесіне техникалық сараптама жүргізілді. «Инвестициялар негіздемесін» әзірлеуге сол сараптама нәтижесі негіз болып отыр. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында он жыл ішінде 250 шақырым кәріз құбырларын ауыстыру жоспарланған болатын, бұл сол кездегі бар құбырлардың жарты көлемін құрады. Ал, шын мәнінде, құбырлардың тек 80 шақырымы немесе үштен бір бөлігі ғана ауыстырылды. «Инвестицияларды негіздеуге» есептелген тарифтің өсуіне алдымен шектеу қойылды, кейіннен оны, тіпті, жасанды түрде төмендетуге мәжбүр етті. Ол тариф ағымдағы шығындардың өзін әрең жабатын. Сондай жағдайда жөндеу жүргізу бағдарламасын мүлдем қысқартуға тура келді, ал бұл шешімдер жағдайды одан сайын күрделендіріп, желілердің тозуы бұрынғыдан да артты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Үкіметке коммуналды инфрақұрылымды жаңартумен айналысуды тапсырды. Тозығы жеткен желілер мен жабдықтар көрсеткішін 15%-ға төмендету міндеттелді. Коммуналды шаруашылықты жаңғырту қажеттілігі ең жоғарғы деңгейде көтерілді! «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС осы ретте инвестициялық бағдарлама әзірлеп, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаментіне 13 миллиард теңге сомасына кәріз желілерін қайта құру бойынша өтініш берді. Бірақ, нәтижесінде, 3 миллиард теңге ғана бекітілді. Қазір қаладағы кәріз және су бұру желісінің тозу деңгейі — 77%. Оны 15%-ға дейін азайту үшін кем дегенде 131 шақырым кәріз құбырларын ауыстыру қажет. Әйтпесе тұрғын үйлерді су басып, жол төсемі мен коммуналдық инфрақұрылымның бұзылуына әкеп соқтыратын апатты жағдайлар жиілейді. Қай жерде коллектор жарылып немесе құлайтынын алдын-ала ешкім болжай алмайды.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің басшылығы су бұру жүйелерінің техникалық жай-күйі адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіпті екенін түсінеді. Кәріз ағынының төгілуі де қауіпті, өйткені мұндай жағдай жұқпалы аурулардың өршуіне, тіпті, эпидемияға әкелуі мүмкін. Мұндай техногенді апаттар үлкен материалдық шығын келтіреді. Қазір Оңтүстік шағынауданында коллекторды қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Бірақ тозығы жеткен кәріз желісінің басқа учаскесінде апат болмайтынына кім кепілдік бере алады? Сондықтан инвестициялық тарифті қысқартуға болмайды! Өйткені бұл сапалы қызмет көрсетуді жолға қою және желілердің тозуын 15%-ға төмендету міндетін қойған Президенттің тапсырмасына қайшы келеді.
Өтеген Жанысбек Тұрсынәліұлы,
Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, Шымкент қаласы бойынша тариф саясаты мәселесі жөніндегі Кеңестің табиғи монополиялар саласындағы тарифті реттеу бойынша аймақтық комиссия өкілі, эколог, қоғам белсендісі.