«АУЫЛ АМАНАТЫНЫҢ» ТИІМДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген мәжілісі өтті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жүргізген жиында «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мәселелері қаралды. Бағдарламаның маңыздылығы мен күтілетін нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Қазақстан Республикасы Премъер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров хабарламалар жасады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының төрт негізгі бағдары бойынша бейнеконференция байланыс жүйесі арқылы республиканың бірқатар өңірі әкімдіктерінің есептері тыңдалды. Оның ішінде ауылдық кооперациялардың дамуы бойынша Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев есеп берді. Парламент Мәжілісінің кеңейтілген мәжілісіне партияның Түркістан облыстық филиалынан онлайн байланыс жүйесі арқылы қосылған жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, «Түркістан» ӘКК» АҚ қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаев, «Ырыс» МҚҰ» басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев, партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңірімізде нәтижелі іске асып жатқанын мәлімдеді. Өткен жылы республикалық бюджеттен қаралған 19,8 млрд теңгеге егін, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлігін қолдау сынды 6 бағытты қаржыландыруға басымдық берілгенін атап өтті. Бағдарлама пилоттық режимде 16 ауданның 64 ауылдық округінде іске асырылып, жаңадан 75 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылғанын мәлімдеді. «Ауыл аманатын» іске асырудың алғашқы жылының нәтижесінде ауылдық жерлерде 3256 жоба қаржыландырылып, 3413 жаңа жұмыс орындары құрылғанын, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі қосымша 30 млрд теңгеге артады деп күтілетінін жария етті. Бағдарламаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық берілгенін, қаржыландырылған жобалар санатында 40 ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техникалық жабдықталу деңгейі артқанын атап өтті.
Бағдарламаны 2024 жылы жалғастыруға республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге бөлінген. Жоспар бойынша бағдарламаға қатысушы ауылдық округтерде 62 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылмақ. Өңір көлемінде 1600 жобаға қолдау көрсетіліп, 3324 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Мемлекет басшысының су үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу тапсырмасы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8 мың гектар егістік алқапқа тамшылатып суару технологиялары енгізіледі деп жоспарланған. Бағдарламаға қатысушы ауылдық округтерде су үнемдеудің технологиялық шешімдеріне басымдық берілмек. Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракцияның кеңейтілген отырысы барысында Парламент депутаттары, жиынға қатысқан сарапшылар атқарушы мемлекеттік органдарға сауалдар жолдап, ұсыныс-пікірлерін білдірді.