СЫРҒЫТПА СӨЗГЕ БЕЙІМ БАСШЫ ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ БАРДЫ

қаланы қарық қылмаған кадр «Жайлы мектептің» жайын жарыта ма?

Мектептердегі орын тапшылығы өзекті мәселелердің қатарына жатады. Бүгінде үш ауысымда оқып жатқан білім ордалары бар. Жағдайы жоқ мектепте жақсы білімнің бола қоюы екіталай. Жастардың бәсекеге қабілетті, білімді болуы үшін заманауи құрал-жабдықтардың қажет екені айтпаса да белгілі. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Осы тұста ел президентінің мәселені шұғыл шешуді тапсырғанын айрықша айта кету керек.

Қош делік, әдетте жергілікті жердегі әлдебір әлеуметтік нысандарды салуға тапсырысты әкімдіктің беретіні белгілі. Бұл ұзын-сонар процестерден тұрады. Мердігер компания тарапынан талапқа томпақ келетін әрекеттер анықталса, арты сотқа ұласып, мәселе ушыға түседі. Сондықтан уақытты үнемдеу мақсатында жоғарыда біз сөз етіп отырған ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша негізгі міндет «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға жүктелген болатын. Бір қызығы, былтыр ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсында 217 мектептің құрылысы басталғаны туралы дерек жарияланды. Ескере кететін жайт, бұл уақытта ел Үкіметін Әлихан Смайылов басқарып отырған. Дегенмен жуырда ғана өткен Үкімет отырысында өзге деректер айтылды. Нақтырағы, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың баяндамасынан бірінші кезеңде 208 мектептің салынатыны, қазіргі уақытта мектептерді жобалау жұмыстарына 208 шарт бекітілгені белгілі болды. Оның ішінде 9 жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алса, қалған 199 жобаның 56-сы сараптамадан өтіп жатыр. 19 жоба жинақтау сатысында, 104 жобаны осы жылдың 29 ақпанында және 20 жобаны 31 наурызға дейін порталға жүктеу жоспарланып отырғанын білдік. Аңғарғанымыз жұмыс сылбыр жүріп жатыр.
Ең қызығы, «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы 2022 жылдың 30 қарашасында шыққан. Сол уақыттан бері небәрі 9 ғана жобаның мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алуы көкейде көп күдікті тудырады. Оның үстіне, аталған қаулыда салынып жатқан білім беру ұйымдарының жобалау-сметалық құжаттамаларын облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері мен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның бірлесе отырып жасайтыны тайға таңба басқандай көрсетілген. Ендеше бір жылдан астам уақыт бойы жұмысты үдетеді, уақытты үнемдейді деген алпауыт мекеме не бітірді? Біздің пайымдауымызша, саланы жетік білетін білімді де білікті кадрлар аз. Әйтпегенде Смайылов пен Бектеновке баяндалған деректердің арасында ауқымды айырмашылық болмас та еді. Бұл сылбыр жүріспен мемлекет басшысы атап айтқан межеге қалай жетпекпіз?
Жақыпов уақытты созудың негізгі себебі ретінде оңтайландыру жұмыстарын алға тартқан болатын. Бізге жеткен дерек бойынша, бұл процесс былай жүреді. Еліміздің әртүрлі өңірлерінің жер қыртысы ескеріліп, 37 жобаның жобалау-сметалық құжаттары әзірленеді. Ал қалған білім ордалары дәл осы құжат негізінде бой көтеруі тиіс. Әйткенмен осы 37 жобаның 15-ке жуығына ғана мемлекеттік сараптама оң қорытынды берген. Қалғаны уақыттың еншісінде қалып отыр. Ендеше мектеп құрылысына ауадай қажет әрі жұмысты тежеп отырған жобалау-сметалық құжаттаманы жетік білетін, сараптап, талдай алатын таңдаулы мамандар «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-да әзірге табылмай отырған сыңайлы. Сондықтан мекеменің ресми ақпараттық ресурсына бас сұғып, басшыларымен таныстық.
Көрдік те күдігіміз қалыңдай түсті. Оған себеп те жоқ емес. Басқарма төрағасының операциялық қызмет жөніндегі орынбасары һәм басқарма мүшесі Боранбай Болатбеков екен. Бұл есімді жылу мен жарыққа, көгілдір отын мен кәрізге жарымаған, қала берді орындалмайтын уәдеге тойған шымкенттік тұрғындар жақсы таниды. Бұл азамат әуелі 2020 жылдың қазанында Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары болды. Араға 4 ай салып, басқарма тізгінін қолға алды. 2022 жылдың соңында жаңадан құрылған Тұран ауданының әкімі ретінде қызметін жалғастырды. Бір орында көп отырмайтын кадр тағы бір жыл өткенде ол қызметтен де кетті. Қазақ «борсықты ұра берсең, семіреді» деп тектен-текке айтпайды. Дәл осы тәмсіл сыналған сайын қызметі өсетін біздің елдегі кей кадрларды елестетеді. Қош делік, Боранбай Нығметұлының өткеніне көз жүгіртсек, «уәдешіл» екенін бірден аңғарамыз. Мұны Шымкенттегі Асар-2 шағынауданы мен 70 мыңнан аса халқы Қайнарбұлақ тұрғындары жақсы біледі. Әрине, айтқан сөздің, берген уәденің үдесінен шықса, әлеуметтің арасында абырой биік болатыны белгілі. Дегенмен бұл азаматтың уәдесінің шеті мен шегін байқағанымыз жоқ.
Асар-2 тұрғындарына «бір айда мәселе шешіледі», «келер айда бәрі жақсы болады» деген сыңайдағы сылдыр сөздерді жиі айтып, ақыр аяғында халық қалаулылары мен мәслихат хатшысы мәселеге араласқанда «бір айда мәселені шешпесем, қызметтен кетемін» деп те мәлімдеме жасаған. Межелі уақыт өтті. Әйткенмен түйткілдің түйіні тарқай қойған жоқ. Басқарма басшысының сөзіне сеніп, қысқа қамданбаған жұрт аязды күнде жылусыз қалып, әкімге де шағымданды. Ол ол ма, Қайнарбұлақтағы ағайын жел үп етсе, жарықсыз қалатынын айтып, қаншама рет жүгінді. Әйткенмен өтініштер мен талаптар қараусыз қала берді. Ақыр аяғында мәслихат депутаттары мәселеге араласып, бюджеттен қаржы қаралуына мұрындық болды. Бастапқыда жұрт жинала қалса, әдемі сөз, әсерлі уәде беретін. Бертін келе онысына сенетін жан қалмады. Мұны былай қойғанда, орынбасары журналистерді тілдеп, мемлекеттік қызметшінің этикасын бұзған уақытта да әлеуметтің көңілінен шығатын шараны көрген жоқ. Сырғытпа жауаппен құтылды. Міне, осылайша, басқарма басшысын халықтың ашуынан бірде депутаттар, бірде әкімнің өзі арашалап жүрді. Соңында аймақтағы ауқымды мәселелерді шеше алмай, Тұран ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Жаңа қызметте де жетістігін көрсете алды деуге келмейді. Инфрақұрылымы кенже қалған аудандағы өткір мәселелер бәз-баяғы қалпында қала берді. Сөйтті де Шымкент жұртшылығының көңілінен шыға алмаған кадр қызметтен кетіп тынды. Аңғарсақ, Боранбай Нығметұлының бір орында көп отырмауының сыры бар секілді. Топшылауымызша, әуелі қызметке келеді. Әдемі уәдемен жұрттың сеніміне кіреді. Межелі уақыт жетіп, сөзінде тұрмағаны анықтала бастаған уақытта қызметпен қош айтысып, жаңа орынға жайғаса қояды. Мұны үшінші мегаполисте атқарған қызметтеріне қарап-ақ аңғаруға болатын тәрізді.
Мұның бәрін тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Айтатын және айтқанынан тез қайтатын кадрдың онсыз да өнімді жұмыс көрсете алмай отырған алпауыт компанияға ауысуы, мемлекет басшысы едел-жедел шешуді талап еткен мәселеге араласуы жұмысты шиеленістіріп жібере ме деген уайымымыз бар. Өйткені «Жайлы мектеп» бір өңірдің емес, ұлттың, мемлекеттің мәселесін шешуі тиіс қой. Ал енді қала халқының сенімінен шыға алмаған азамат күллі қазақтың түйткілін қалай ағытады? Ең қызығы, Боранбай Нығметұлы бұл орында қанша уақыт отырады екен? Сырғытпа сөз, орындалмайтын уәдені жиі айтатын кадрға кіріптар болатындай «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға не көрінді? Бұл сұрақтардың жауабын алдағы уақытта білеміз…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.