ҚАЗАҚСТАН ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ 70 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫН ИМПОРТТАН АЛЫП ОТЫР

Басы ауырып, балтыры сыздаған әлеуметтің дәріханаларға жүгінетіні белгілі. Осы тұста айта кетерлігі, ішкі нарықтағы дәрілік заттардың 70 пайыздан астамы импорттық өнімдерге тиесілі болып келеді. Бұл деректі Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да растады.

Ведосмтво басшысының сөзінше, Президенттің 2029 жылға дейін отандық өндірістің көлемін 50 пайызға жеткізу тапсырмасы түрлі себептерге байланысты тежеліп отыр. 2023 жылы экспортқа шығарылған Қазақстан тауарының көлемі 17 млн долларды құрайды. Өнім негізінен Пәкістан мен Ресейге шығарылып жатыр. Оның 90 пайызы медициналық құралдар мен күнделікті медициналық мақсатта қолданылатын бұйымдар болып келеді.
Ал өткен жылдың қорытындысымен елімізге 1,7 млрд доллардың дәрі-дәрмегі импортталған. Өз кезегінде, бірыңғай дистрибьютор тарапынан сатып алынатын дәрі-дәрмек көлемінде бірінші орында Қазақстан тұр. Атауымен санағанда 60 пайызға дейін отандық өндірушілерден алынатын дәрі-дәрмекті құрайды. Екінші орында 8 пайыздық үлеспен Германия, үшінші орында Үндістан тұр. Қош делік, дәріхана сөрелерінде самсап тұрған шетелдік дәрілерге сұраныстың көбі белгілі. Ал енді олардың орнын қашан отандық өнім басатыны белгісіз…

«Уақыт».