ЖАПОНИЯДА НАҚТЫ ЖАЛАҚЫ ЕКІНШІ ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН ТӨМЕНДЕП ЖАТЫР

Әлемде технологиясы қарыштап дамыған елдер көп. Міне, сол алпауыттардың қатарына Жапонияны жатқызатынымыз белгілі. Дегенмен экономика ұдайы өсіп, салалар тоқтаусыз дами береді дегенге келісу қиын. Бүгінде жапон үкіметі осындай ауқымды мәселеге душар болып отыр. Ресми статистикаға сүйенсек, аталған елдегі нақты жалақы 2023 жылы 2,5 пайызға төмендеді. Бұған инфляция өсімі себеп болды.

Бұл — елде жалақының 2014 жылдан бері ең күрт төмендеуі болып отыр. Бұл жағдай ел премьер-министрі Фумио Кисиданың баға өсімінің орнын өтей алатын жалақыны көтеру туралы бірнеше рет үндеу жасағанына қарамастан болып отыр. Жапонияның денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігінің алдын ала есебінше, атаулы жалақы айына 1,2 пайызға өсіп, 329 859 иен немесе 2200 АҚШ доллары болды. Ал нақты жалақының төмендеуі, тіпті, ірі жапондық компаниялар айлықты өткен жылы орта есеппен 3,99 пайызға арттырса да жалғасып жатыр.
«Қолайлы экономикалық циклдің арқасында адамдардың өмірін жақсарту үшін нақты жалақы көтерілуі керек. Біз жалақының көтерілуі аймақтық аудандарға, шағын және орта бизнеске таралатындай серпін жасауға тырысамыз» деді Еңбек министрі Кейдзо Такеми. Сондай-ақ, елдегі үй шаруашылығының орташа шығындары 2023 жылы өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға төмендеді. Бұған адамдар бағаның өсуі жағдайында білімге, азық-түлікке және тұрмыстық тауарларға жұмсалатын шығындарды қысқартуы себеп болған.