ҚАЗАҚ-НЕМІС АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІН АШУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗ ӨТТІ

Түркістанда Қазақстан-Неміс университетінің филиалы ашылмақ. Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз неміс жоғары оқу орны арграрлық саладағы озық тәжірибе негізінде жергілікті жастардың арасынан сұранысқа ие ауыл шауашылығы бағытындағы мамандарды даярлайды. Осыған орай, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан-Неміс университетінің президенті Роммель Волрадпен кездесті.

Тараптар Қазақ-Неміс аграрлық университетін ашуға қатысты мәселелерді жан-жақты талқылады. Облыс әкімі Қазақстан мен Германияны өзара тиімді стратегиялық серіктестік орнатып, дамытып келе жатқанын атап өтті. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен, жоғары білім мен ғылым саласына басымдық берілетінін айтты. Түркістан облысының аграрлық өнеркәсібі ең дамыған өңірлер қатарына кіретінін айтқан облыс әкімі аймақтың осы саладағы жетістіктерін жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстандағы барлық өнеркәсіп өнімдерінің 5,9 пайызы Түркістан облысында өндіріледі. Бүгінгі күнде Түркістан облысының өнеркәсіп өнімінің көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Облыста заманауи мал биржасын ашу жоспарлануда және жылына 100 мың тері өңдейтін кәсіпорынды соғу жұмыстары басталған. Ауыл шаруашылығына инвестиция құйылуы жыл сайын екі есе көбеюде.
Өз сөзінде «Еліміздің ең көне қалаларының бірі – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған, жеткілікті еңбек ресурстары бар өңір. Облысымыз ауыл шаруашылығы саласында дамыған өңір болғандықтан, аграрлық өнеркәсіп саласындағы университеттің ашылуы басты басымдықтардың бірі болып саналады. Аталған мәселелерді ескере отырып, облыс әкімдігі өз тарапынан барлық алғышарттарды қарастыруға және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайын. Түркістан облысы жастар саны бойынша да республикада көшбасшылар қатарында. Бұл бастама облысымыздың және жақын орналасқан басқа да, қалалардағы жастардың аграрлық секторды күшейтуіне және дамытуына зор ықпал ететініне сенемін» деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
ЖОО-ның басшысы өз сөзінде жоғары білікті мамандарды дайындау қазақстандық және неміс компаниялары үшін де тиімді екенін атап өтті. Әзірге Қазақстан-Неміс университетінің филиалы ретінде ашылып, алдағы уақытта жеке дара университет болатынын жеткізді. Оқу ордасының Түркістандағы филиалы ауыл шаруашылығы мен қолданбалы информатика мамандарын даярлауды жоспарлауда. Онда Германия елінен келетін білікті оқытушылар дәріс береді. Жиын барысында «Түркістан өңірінің тарихи құндылығын жақсы білемін. Біздің елімізде де тарих пен мәдениет ұштасқан. Бізді Қазақстан жастарының білімге деген құштарлығы қуантады. Сондықтан өз тарапымыздан қолымыздан келген қолдауды көрсетуге дайынбыз. Біздің мақсатымыз – екі елдің арасындағы байланысты нығайту, Еуропаға жол ашу. Ашығын айтайын, университетіміз коммерциялық бағытта жұмыс істемейді. Білім беруден пайда көруге болмайды. Біздің парызымыз – жастарға сапалы білім беру» деді Қазақстан-Неміс университетінің президенті Роммель Волрад.
Бүгінгі таңда облыста 2 университет бар. Олар — Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университеті мен Халықаралық Туризм және меймандостық университеті. Университеттерде 12 492 студент білім алады. Қазақ-Неміс Университеті 25 жыл бұрын жеке бастамамен неміс стандарты бойынша мамандар даярлау мақсатымен құрылған. Жоғары оқу орнында бакалавриат пен магистратура бағыты іске қосылады. Оқу ордасында білім алған қазақстандық студенттер Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы ірі өндіріс орындары мен Германиядағы өндіріс орындарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады.
Сонымен қатар Түркістан облысының тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал ететін зерттеулер мен инновацияларға назар аударады. 2023 жылы институтта екі білім беру бағдарламасы іске қосылған — «Энергетикалық және экологиялық инженерия» және «Логистика». Олар Маңғыстауда жасыл сутекті өндіру үшін мамандар даярлауға және Каспий теңізі арқылы Қытайдан Еуропаға орта көлік дәлізі үшін логистиканы дамытуды қолдауға бағытталған.