ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ КҮНІ ӨТТІ

Еліміздің саяси өмірінде үлкен өзгерістер жүзеге асып жатыр. Саяси модернизацияның тұжырымдамалық фрейміне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделі арқау болды. Бұл тұжырымдама үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздеп, шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған. Осы орайда, аталған бағытта Шымкент қаласында қыруар іс атқарылып жатыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков азаматтармен жүздесіп, мәселелеріне құлақ асып келеді.

Мәселен, жуырда қала басшысы Ғабит Сыздықбековтің әкімдік ғимаратында бірыңғай жеке қабылдау күні өтті. Кезекті қабылдауда жер телімін заңдастыру, тұрғын үйді реновациялау, жол және инфрақұрылым жүйесі бойынша мәселелер көтерілді. Жалпы 150-ге жуық азаматтың мәселесі тыңдалды. Бірқатар мәселе қабылдау барысында шешімін тапты. Нақтырағы, Бозарық-2 елді мекенінің тұрғыны, қоғам белсендісі Александр Подвиг бұқаралық спортты дамыту аясында спорт мектебін салу және жер телімін заңдастыруды сұрады. Қала әкімі аталған елді мекенде спорт нысанының құрылысы қарастырылатынын айтып, жер телімі бойынша заң аясында зерделеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ қала басшысы азаматтарға шешімін күткен мәселелер басты назарында болатынын түсіндіріп, жауаптыларға тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар Достық шағынауданы тұрғыны көтерген мәселе бойынша Айлыкеш көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу биылғы жоспарға енгізіледі. Ал Нұртас шағынауданы тұрғындарының білдірген өтініш-тілегіне орай, Құлагер көшесіне асфальт төселеді. Оған қоса, балалар алаңшасы салынатын болды. Кезекті қабылдауда әкім орынбасарлары, аудан әкімдері, департамент пен басқарма басшылары да азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады. Тиісті басшылар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мәселелердің шешілу жолдары жан-жақты қарастырылатынын жеткізді. Айта кетейік, қала басшысының жеке қабылдауына жазылу барысын Шымкент қаласы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.