КӘСІПКЕРЛІК САЛАНЫ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ
Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, бизнеске жол ашу — бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырудың тұрақты көзі болып қана қоймай, экономикамыздың одан әрі өсуінің нақты факторына, сонымен қатар халықты жұмыспен қамтудың және әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр. Жалпы Шымкент қаласында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көп. Инвестиция тарту ісі қарқынды жүзеге асып келеді. Қала аумағындағы аудандарда кәсіп бастап, нәсібін көріп жатқандардың да қатары қалыңдап жатыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша 2023 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 50 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған болатын. 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша аудан аумағына тартылған инвестиция көлемі 45,5 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 37 әлеуеттік жоба нақтыланып, қонақ үй, әлеуметтік салаларда, өндірістік цехтарда, сауда және қызмет көрсету салаларында 1405 азамат жұмыспен қамтылды. 2022 жылы аяқтауға жоспарланған 119 жоба, атап айтқанда, 10 мейрамхана, дәмхана, 3 қонақ үй, 3 азық-түлік дүкені, 7 бизнес орталық, 3 киім дүкені, 3 монша, 4 әсемдік салоны, 3 дәріхана, 4 жекеменшік емхана сынды жобалар іске асырылып, жалпы инвестиция құны 40 млрд теңгені құрады. Жоспар толықтай орындалып отыр.
Сонымен қатар биыл аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары, сондай-ақ құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлермен 30-ға жуық кездесу өткізілді. Онда мемлекеттік бағдарламалар түсіндіріліп, кәсіпкерлікті қолдау бойынша мәселелер талқыға түсті. Бұдан бөлек, аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшысы күнделікті әртүрлі санаттағы кәсіпкерлерге қабылдау өткізіп, азаматтарға бағыт-бағдар беруде. Бүгінгі таңда шаһарда мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға арналған «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба, «Іскер қала» бағдарламасы сәтті жүргізіліп келеді. «Іскер қала» іс-шара жоспары аясында жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған. Атап айтқанда, жастар мен әйел кәсіпкерлеріне 1 пайызбен 30 млн теңгеге дейін және өндірістік алаңдарында іске асыратын жобаларға 2 пайызбен 50 млн теңгеге дейін несие беру жоспарланған.