АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫНА ТЫҢ СЕРПІН БЕРЕДІ

Арнайы экономикалық аймақтар экономиканың дамуына тың серпін береді. Бүгінде аталған аймақтарда кәсіп бастап, нәсібін көріп жатқандардың қатары қалың. Сәйкесінше, елге немесе өңірге инвестиция тартуға да арнайы экономикалық аймақтардың қосар үлесі орасан. Осы орайда, Шымкентте бұл бағытта бірқатар батыл бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Бүгінгі материалымызда осындай аймақ турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысқан болатын. Аталған аймақ мемлекет басшысының тапсырмасымен мақтаны қайта өңдеу өндiрiстерін, тоқыма және тігін өнеркәсiбiн дамыту мақсатында құрылған. Бүгінде өндірістік бағыттары кеңейтіліп, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, жиһаз шығарушылар, фармацевтика, машина жасау және химия өнеркәсібі салалары жолға қойылған. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы жоба құны 130,52 млрд теңгені құрайтын 62 жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде 3745 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда жалпы жоба құнының ішінде инвестиция сомасы 58,4 млрд теңгені құрайтын 35 жоба іске асырылып, 2085 жұмыс орны ашылды. Ал 2010 жылдан бастап 2023 жылдың III тоқсанына дейін «Оңтүстік» АЭА-ның қатысушы кәсіпорындары өндірген тауар көлемі 175,7 млрд теңгені құрап, өнімнің жартысы 23 елге экспортталды.
Биыл жоба құны 0,56 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске қосып, 110 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Алдағы уақытта өндірістік кәсіпорындардың ауқымы кеңейіп, 2026 жылы инвестиция сомасы 72,12 млрд теңгеге жетпек. Нәтижесінде 27 жоба іске асып, 1660 жұмыс орны ашылады. Қала әкімі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысу барысында кілем және кілем бұйымдары мен полипропиленді жіп өндіруші «Бал Текстиль» ЖШС және шұлық шығаратын «Әлем-БТ» ЖШС фабрикаларын аралады.
Елімізде халықаралық деңгейдегі тұңғыш кілем тоқыма фабрикасы «Бал Текстиль» ЖШС-ның жалпы жоба құны 11,263 млрд теңгені құрайды. Ашылған уақыттан бүгінге дейін 44,2 млрд теңге сомасында тауар өндірген. Ал ішкі нарықта кеңінен танымал шұлық шығаратын «Әлем-БТ» ЖШС кәсіпорнының инвестиция көлемі – 1,8 млрд теңге. Қазіргі уақытта өнім көлемі 6,68 млрд теңгеге жеткен. Кәсіпкерлік нысандарды аралау барысында қала әкімі мемлекеттік қолдау аясында арнайы экономикалық аймақтың экспорттау қабілетін арттыра түсу керектігін жеткізді.