ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
2023 жылдың 10 айында Шымкент қаласында 18 823 жас жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Кеуенова айтты. Ашып айтсақ, қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық бағытта жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жұмыстары бойынша 625 іс-шара ұйымдастырылып, 98750-ге жуық жас қамтылған. Жыл соңына дейін 120000-ға жуық жасты қамту жоспарланып отыр.
Мөлдір Тұрсынбекқызының айтуынша, 25 қазан Республика күніне орай, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Жас жауынгер» әскери-патриоттық сайысы ұйымдастырылды. «Машат-Арасан» демалыс аймағында өткен әскери жарысқа қаламыздағы 12 мектептен 120 оқушы қатысты. Қатысушылар футбол, волейбол, арқан тарту, садақ ату, 100 метрге жүгіру, АК-74 автоматын бөлшектеп, жинау, пневматикалық винтовкадан ату және кермеге тартылу секілді әскери бағыттағы спорт түрлерінен бақ сынасты. Бүгінде қала мектептеріндегі спорт залдар мен спорттық алаңшалар базасын тиімді пайдалану, жаппай салауатты өмір салтына насихаттау бойынша 352 іс-шара ұйымдастырылып, 34 498 жас қамтылған. Жыл соңына дейін 39 000 жасты қамту жоспарланып отыр.
Өз сөзінде «Жастарды жұмысқа ынталандыру, жұмыспен қамту және жастарды жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасау бағытында жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру бойынша жыл соңына дейін 8200 жасты қамту жоспарланған. 2023 жылдың 1 қазанына дейін 22 355 адам жұмыспен қамту мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органға жүгінген. Қазіргі таңда, 18 823 адамның өтініші қанағаттандырылып, жұмыспен қамтылды. NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу мақсатында жұмыссыз жүрген 29807 жастың тізімі жасақталып, оқуға түсу және жұмысқа орналасу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде» деді Мөлдір Тұрсынбекқызы.
Бүгінгі таңда Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Мобильді топпен» бірлесіп, жастарды нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында «Жастар практикасы», «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бойынша базарларда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Қаламызда мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында қаладағы 9 базар мен шалғай елді мекендердің жастарына ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жалпы 12 000-ға жуық жас қамтылған.
Жиын барысында Мөлдір Тұрсынбекқызы «Жасыл ел» жобасы аясында уақытша жұмыспен қамтылған жастар турасындағы ақпаратпен де бөлісті. Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны құрметтеуге тәрбиелеу бағытындағы волонтерлік қызметтің рөлін арттыруға және дамытуға бағытталған «Birgemiz», «Bilim», «Менің жасыл қалам», «Birgemiz: Asylmura», «Birgemiz: Qamqor», «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Барыңмен бөліс» жобалары жүзеге асырылуда. Осы іс-шаралар аясында оңалту орталықтарына, бейімдеу орталықтарына, қарттар үйлеріне және әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіліп, тазалық жұмыстары жүргізілді. Бүгінде қала бойынша волонтерлік бағытта 261 іс-шара ұйымдастырылып, 20 000 астам жас волонтерлер қамтылған. Сондай-ақ әлеуметтік тапсырыс шеңберінде, «Жасыл ел» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 1500 жас уақытша жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ жастардың әскери-патриоттық рухын қалыптастыру бағытында «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысы, «Отаныма қызмет етемін!», «Отанды қорғау – қастерлі міндет!» атты іс-шаралар өткізіліп, оған 8596 жас қатысты. «Жас сарбаз» 2 күндік әскери-патриоттық оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылып, шамамен 500-ге жуық оқушы жас қамтылды. Қазіргі таңда жастар арасындағы ең өзекті мәселенің бірі — есірткі және психотропты заттардың белең алуы. Аталған мәселе бойынша, басқарма тарапынан нашақорлық пен маскүнемдіктің зияндығын насихаттау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ «Түнгі қаладағы жастар», «Жасөспірім», «Көше» атты іс-шаралар аясында кең ауқымда жұмыстар жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер мен жастардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта көшеде, ойынханаларда, түнгі клубтарда және өзге де жерлерде жүруін тексеріп, алдын алу мақсатында 14 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Пробация есебінде тұрған жастардың жағдайы да назардан тыс қалған емес. Жыл басынан бері жастар арасында психо-профилактикалық жұмыстар атқару барысында келеңсіз жағдайға тап болған жастарға психологиялық қолдау көрсету бағытында 152 іс-шара ұйымдастырылып, 54950-ге жуық жас қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында, маргиналды жастарға арналған «Жаңа өмір» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында пробация есебінде тұрған 700-ден астам жасқа айына бір рет жеке психологиялық көмек көрсетіліп отырады. Осы бағытта әлеуметтік зерттеулер, семинар-тренингтер өткізілуде. Сондай-ақ кіші футболдан турнир ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.