ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, министрліктің қызметі саласындағы жергілікті тұрғындарды толғандыратын көптеген сұрақтарға жауап берді. Іс-шараға облыс, аудандар әкімдігінің өкілдері, министрліктің аумақтық бөлімшелері, облыс әкімдігі басқармалары мен үкіметтік емес ұйым басшылары қатысты.

Кездесу әкімдік пен министрліктің ресми интернет-ресурстарында тікелей көрсетілді. Сонымен бірге «ZOOM», Facebook әлеуметтік желісінде тікелей көрсетілімі ұйымдастырылды. Түркістан облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы болып саналады. Облыс бойынша зиянды заттар шығарындыларының нақты көлемі биылғы 9 айда 14,3 мың тоннаны құрады. Экологиялық проблемаларды шешу бойынша Жол картасына енген 21 іс-шараның ішінде 9 іс-шара орындалды, атап айтқанда, қалалық қазандықты газға ауыстырумен жаңғырту, Түркістан қаласы мен облыс аудандарының жеке секторын газдандыру жүргізілді. Жасыл желектерді түгендеу және тағы басқа жұмыстар жүзеге асырылды.
Ордабасы ауданындағы кірпіш зауыттарының қызметін тексеру туралы жергілікті тұрғындардың көптеген шағымдары бойынша 14 тексеру жүргізілді, 18 экологиялық бұзушылық анықталды. Ұйғарымдар берілді. 3,4 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұлдар салынды. Кірпіш зауыттарын қатты отыннан табиғи газға ауыстыру мәселесін қарастыру ұсынылды. Рұқсат етілмеген полигондардың өсуі, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі де өзекті болып қала береді. Космомониторинг аясында биыл өңірде 414 полигон анықталды, оның 87 пайызы немесе 364 полигон жойылды.
Орман шаруашылығы саласында Президенттің 2 млрд ағаш отырғызу бастамасы аясында биыл облыста жыл басынан бері 20,3 мың гектар алқапқа 4,3 млн дана ағаш отырғызылды. Түркістан облысында балық саласын дамытудың айтарлықтай әлеуеті бар. Мәселен, биыл өңір бойынша 6,6 тонна тауарлық балық өсіру жоспарланған, жыл басынан бері 3,7 мың тонна балық өсірілді. Тұқы мен форель өсіру бойынша 3 торлы және 16 тоған балық өсіру шаруашылығы құрылды. Кездесу аяқталғаннан кейін министр баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, азаматтарды жеке қабылдады.