«ШӘУІЛДІР» ЗАМАНАУИ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы, Отырар ауданында заманауи «Шәуілдір» күн электр станциясы ашылды. Италияның «Plenitude» компанияның инвестициясы есебінен салынған бұл маңызды нысан – аталған компаниясының Қазақстан Республикасы аумағындағы алғашқы күн электр станциясы.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті нысанның ашылуымен құттықтап, инвесторға, жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарға алғысын жеткізді. Өз сөзінде «Бүгін біз өңіріміздің дамуындағы маңызды қадам болатын күн электр станциясының ашылуына қатысып отырмыз. Жаңартылатын энергия көздері климаттың өзгеруіне қарсы күресте де тиімді. Бұл жоба – біздің таза, тұрақты энергияға көшуге деген сеніміміздің нәтижесі. Түркістан облысының жаңартылатын энергия көздері саласында үлкен әлеуеті бар. Облыс негізінен энергияны сырттан импорттайды және өз қуаттары арқылы жалпы сұраныстың 30%-ын ғана қамтамасыз ете алады. Сондықтан бүгін ашылған станцияның маңызы өте зор. Қазірдің өзінде облысымызда жалпы қуаты 362 МВт болатын 25 жаңартылатын энергия нысаны бар. Өнеркәсіпті дамыту үшін қуат көздері жеткілікті болуы қажет. Ал жаңартылатын энергия саласын өркендету арқылы облыстың өнеркәсіп саласы да дамитынына сенімдіміз. Бұл бастама Италия мен Түркістан облысы арасындағы байланыстарды нығайтып, жаңа жобаларға жол ашады деген ойдамын» деді Дархан Сатыбалды.
Италияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Марко Альберти де маңызды жобаға тоқталып, екі мемлекет арасында іскерлік байланыс нығая беретінін жеткізді. Шәуілдірдегі күн электр станциясына соңғы технологиялар қолданылғанын атап өтті. Түркістан облысындағы тарихи сәтпен құттықтады. Ал «Arm Wind» ЖШС-нің басқарушы директоры Алекс Стиллавато жаңа күн электр станциясы Түркістан өңірінің дамуына серпін беретініне, көміртегінің ауаға таралуын азайтуға және ауа райының жақсаруына үлес қосатынына тоқталды. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылатынын айтты. «Шәуілдір» күн электр стансасының құрылысы – «Plenitude» компаниясының Қазақстандағы күн энергетикасы секторындағы алғашқы маңызды қадамы.
Электр станциясы өңірге осы саладағы ең озық технологияларды ұсына отырып, Түркістан облысының дамуына ықпал етеді. Компания 2020 және 2022 жылдары пайдалануға берген «Бадамша-1» және «Бадамша-2» жел электр станцияларын толықтыратын осы жоба Қазақстанның қазіргі энергетикалық мүмкіндігін арттыруға, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайтуға серпін береді. Аталған жобаны «TURKISTAN INVEST» ЖШС сүйемелдеді. Жобаны іске асыру жұмыстары 2021 жылы басталды. Құрылыс кезінде жергілікті тұрғындардан 300-дей адам жұмыспен қамтылды. Қазір күн электр станциясында 50 жұмыс орны ашылды. Станция 100 гектар аумақты алып жатыр. 93 мыңнан астам күн панелі мен қосалқы электр станциясы іске қосылды. Бұл тораптар ұзындығы 7,5 шақырым электр тасымалдау желісі арқылы жергілікті желіге біріктіріледі.