ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОМПАНИЯ ЖЕЛ МЕН КҮН СӘУЛЕСІНЕН ҚУАТ АЛУҒА ҚОМАҚТЫ ИНВЕСТИЦИЯ САЛМАҚ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайдың «Zhejiang Xingyu Electromechanical Technology» компаниясының басшылығын қабылдап, келіссөздер жүргізді. Облыс әкімі өңірдің экономикалық, өндірістік және логистикалық әлеуеті туралы баяндап, инвестиция салуға шақырды.
Өз сөзінде «Түркістан облысына қош келдіңіздер! Сіздерді қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін бізде ынтымақтастықты арттыруға жақсы мүмкіндік туып отыр. Қазіргі таңда Түркістан облысы — еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық, сондай-ақ туристік әлеуетке ие. Біз өз тарапымыздан бизнесті дамыту және өндіріс орындарын ашу жөніндегі бастамаларға толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз. Өңірде арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар» деді Дархан Сатыбалды.
Негізінен жаңартылатын энергия көздеріне қажетті құрылғылар, станциялар, чиптер шығарумен айналысатын «Zhejiang Xingyu Electromechanical Technology» компаниясының басшысы Чжэнцзе Фэн Түркістан облысында күн, жел электр станцияларын салу ниеті бар екенін жеткізді. Компанияның негізгі бағыттары мен жоспарлары туралы баяндады. «Түркістан облысында жел және күн электр станцияларын салуға дайынбыз. Егер ол сәтті жүзеге асса, өзге де өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсетеміз. Күн және жел станцияларына қажетті құрылғылар, күн панельдерін шығаратын ірі кәсіпорындар ашуға да әлеуетіміз жетеді. Бірақ оған қажеттілік бар немесе жоқ екенін зерделеп, нарықты зерттеуіміз керек. Қазақстанға импортталатын өнім түрлерін шығаратын кәсіпорындар ашып, экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар. Алдағы уақытта келіссөздер арқылы бұл мәселелерді тереңірек талқылаймыз деген ойдамын» деді ол.
Кездесу соңында Түркістан облысының әкімдігі және «Zhejiang Xingyu Electromechanical Technology» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.