ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түркістан облысының халқы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Осы салаға маманданған деуге де болады. Өңірде егін шаруашылығы жоғары қарқынмен дамып келеді. Мал басы да уақыт өткен сайын арта түсуде. Бұл ғана емес, республикамыздағы жылыжайлардың басым бөлігі дәл осы облыс аумағында орналасқан. Сондықтан өңірді ғана емес елді де ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтуға қауқарлы десек, артық айтқанымыз емес.

Жуырда облыс шаруалары мен диқандары өнімдерін Астана қаласына жіберіп, жәрмеңке ұйымдастырған болатын. Енді жуырда Түлкібас ауданының орталығында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Егістік алқабынан-сөреге» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда экологиялық таза, жергілікті шаруалар өндірген көкөністер, консервіленген өнімдер, ет, жеміс-жидектер және сүт өнімдері нарық бағасынан 10-30 пайыз жеңілдетілген бағада саудаланды. Мәселен, қызанақтың келісі — 110 теңгеден, қой еті — 2300 теңгеден, жоғары сұрыптағы алманың келісі — 300-400 теңге аралығында, балықтың келісі — 2800 теңгеден, 2 литрлік консервіленген қызанақ пен қияр — 700 теңгеден көпшілікке ұсынылды.
Аталған шараға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов қатысып, сауда қатарларын аралады. Жәрмеңкенің мақсаты — шаруа қожалықтарының өндірген өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға тікелей ұсынуға жағдай жасап, тамақ өнімдерін ауыл тұрғындарына нарықтық бағадан төмен бағада ұсыну. Айта кету керек, аталған ауданда ауыл шаруашылығы, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісі айрықша назарға алынып келеді.