РЕСПУБЛИКАДАҒЫ ЖАЛПЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ 13 ПАЙЫЗЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ТИЕСІЛІ
Астана қаласында Түркістан облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтті. Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған делегация қатысты. Жыл сайынғы дәстүрге айналған жәрмеңкеге биыл 550 тоннадан астам көкөніс, жеміс-жидек, ет, сүт, балық, құс өнімі және жергілікті қайта өңдеу өнімдері жеткізіліп, нарық бағасынан 15-20 пайызға төменгі бағада тұтынушыларға ұсынылды.
Жәрмеңке аясында Түркістан облысы өнерпаздарының қатысуымен қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік іс-шаралар болды. Республикадағы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13%-ы облысқа тиесілі. Климаттық орналасуы, жұмыс күші тұрғысынан Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту өте қолайлы. Облыста 80 мың агроқұрылым бар, ол республикадағы жалпы көрсеткіштің 33%-ын құрайды. 1 миллионнан астам халықтың әлеуетік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты.
Биылғы қаңтар-шілде айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 359,7 млрд теңгені, нақты көлем индексі 102,1%-ды құрады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 47,7 млрд теңге, тамақ өндірісінің негізгі капиталына 5,2 млрд теңге инвестиция тартылып, тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,4 есе артты. 2023 жылы АӨК саласына жалпы құны 52,8 млрд теңгені құрайтын 60 жобаны іске асыру жоспарланып, құны 10,6 млрд теңге болатын 26 жоба іске қосылып, 297 жұмыс орны ашылды. Мемлекет тарапынан көктемгі дала күзгі жиын-терім жұмыстарына тиісті жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, субсидиялау жұмыстары мерзімінде жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы дақылдары 870 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артты. Биыл 806,4 мың тонна дәнді дақыл, 3,1 млн тонна көкөніс, бақша, 190 мың тонна жеміс-жидек жиналады деп күтілуде. Салада еңбек өнімділігін арттыру үшін озық жаңа тәсілдерге басымдылық берілген. Қарқынды баулардың көлемі 5 мың гектарды құрайды. Бұрын баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынатын болса, қарқынды баулардан өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда. Су үнемдеу технологиялары пайдаланатын алқап 30,2 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 21 мың гектарға тамшылатып суғару технологиясы, 9,3 мың гектарға жаңбырлатып суғару машиналары орналастырылған.
Жылыжайлар көлемі 1 577,4 гектарға жетті. Елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85%-ы, қой етінің 60%-ы Түркістан облысының үлесінде. 7 айда 6,2 мың тонна ірі қара мал еті, 3,1 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді. Мал және құс басы мен өнімділік орташа 3-4%-ға артты. Ірі қара мал 1 231,5 мың басты, ұсақ мал 5349,5 мың басты, жылқы 465,2 мың басты, түйе 41,7 мың басты, құс 2 253,1 мың басты құрады. 126,4 мың тонна ет, 494,4 мың тонна сүт, 145 млн дана жұмыртқа өндірілді.