МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ЖАСТАРҒА НАСИХАТТАЛДЫ

Шымкент қаласы Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Мобильді топ» пен Еңбек мобильділігі орталығы қызметкерлері бірлесе отыра «Rahima Plaza» сауда орталығының жастарына мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Шараның мақсаты – мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастарды кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерден хабардар ету арқылы дұрыс мамандық таңдауларына бағыт-бағдар көрсету. Сауда орталықтың жастарына жұмыспен қамтудың белсенді шаралары мен жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары жөнінде кеңінен түсіндірілді. Сонымен бірге Еңбекші ауданы жастар ресурстық орталығы қызметкерлері Көктем базарында «Жастардан жастарға – ақпараттық керуен» жобасы аясында мемлекеттік бағдарламалар жөнінде базар жастары мен базар келушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жобаның көздеген мақсаты да жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үй мәселесі, кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында кеңінен ақпараттандыру және NEET санатындағы жастар үлесін азайту. Айта кету керек, «Жастар практикасына» оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ, 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Тек оқу бітіргеніне 3 жылдан аспаса болғаны. Бұған мектеп пен колледж бітірген жастар да қатыса алады. Бағдарланың мақсаты – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру. Айта кету керек, жастар жұмысы ауыр кәсіпорындар мен зиянды, қауіпті жұмыстарға жіберілмейді.