ТҰТ АҒАШЫН ӨСІРУ АРҚЫЛЫ ҮЛКЕН ПАЙДАҒА КЕНЕЛУГЕ БОЛАДЫ

Тұт ағашын егу арқылы отбасылық кәсіп ашуға болады. Табиғаты қолайлы оңтүстікте 1 гектар жерге егілген тұт ағашының жапырағын 45 теңгеден сатып 2 млн теңгеге дейін, ал жібек құртын өсіріп 1350 тенгеден сатса 1 гектар баудан 4,5 млн теңгеге дейін пайда табуға болады. Тек ерінбей еңбек ету керек. Егер бұл өлкеде осы кәсіпті жаппай қолға алатын болсақ, өнімдерімізді Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Қытайға сатуға болады. Өйткені мұндай тауарға аталған елдерде сұраныс өте жоғары.

Жетісай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаевтың ұйымдастыруымен «Кәсіпкерлік мектебі» ғимаратында өткен семинарда осы және тұт ағашын өсірудің өзге де мәселелері талқыланды. Аталған жиынға тұт шаруашылығы ассоциациясының төрағасы Сұлтанбек Бакиров, «Tukistan Invest» ЖШС басшысы Бағлан Жұмашбеков пен ауданды ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков және 30-ға жуық шаруа қожалық төрағалары қатысты. Семинар барысында жібек құртын өндіру ісіне қызығушылық танытқан 6 шаруа қожалық иелері тұт шаруашылығын дамытуға 50 гектар жер беретіндіктерін жеткізді.
Әр гектардан 50 тоннаға дейін жапырақ өндіріп, жылына 4 рет өнім жинауға болатынын айтқан тұт шаруашылығы ассоциациясының төрағасы Сұлтанбек Бакиров жібек құрты өндірісін қаржыландыру мақсатында «Ауыл Аманаты» бағдарламасының VII бағыты етіп қосу бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға ұсыныс жасайтынын жеткізді. Облыс басшысы тарапынан ұсыныс мақұлданып, қаржыландыру тетіктері оң шешілетін болса, мұндай семинарлар мен оқу курстарын жиі өткізу қолға алынатын болады.