ҚАНТ ЗАУЫТЫН САЛУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗ ӨТТІ

Жуырда Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы «Қуаныш 98» ЖШС директоры Қуаныш Сакеновты қабылдады. Екі жақты кездесу барысында тараптар Асықата кентінен қант шығару зауытын салу мәселелерін талқылады.

Аталған зауытты салуға ниетті Қуаныш Сакенов құрылысқа арналған 2,5 гектар жерінің бар екенін, қызылшаны сақтап, сұрыптайтын қоймаларды салуға тағы 3 гектар жер учаскесінің қажет екенін айтады. Сонымен қатар заманауи құрал-жабдықтар орнату үшін де мемлекеттен жеңілдетілген несие алуына көмек сұрайды. Жалпы құны 800 млн теңге болатын жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асса жылына 3 мың тонна шекер өндіріліп, жергілікті 40 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. «Зауыт тиісті деңгейде жұмыс істеп, жоспардағы өнімді шығаруы үшін ауданда кемінде 1,5 мың гектар жерге қант қызылшасы егілуі тиіс. Тағы бір айта кетерлік жәйт – шаруалардың мақта немесе қауын-қарбыз егіп, шығынды жабуды уайымдап отырғанша қант қызылшасын егіп табыс табатынына сенімді болғаны, егілген өнімін қайда, қанша теңгеден өткізетінін алдын ала біліп отырғаны дұрыс деп ойлаймын» дейді Қуаныш Сакенов.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаевтың мәліметінше, ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау шараларын жүргізу есебінен ағымдағы жылы құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 82 жаңа жұмыс орын ашылса, 2023-2024 жылға өтпелі жалпы құны 2 млрд 830 млн теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы тағы 135 жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.