«ЖОЛДАУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚ КЕРЕК!»
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Бұл Жолдаудың қазіргідей әлемдік геосаясат ушығып тұрған уақытта елдің даму бағдарын айқындаудағы маңызы зор. Жасыратыны жоқ, биылғы Жолдауда қоғам күткен, көптің көкейінде қайнап жатқан мәселелерді шешуге бағытталған көптеген бастамалар айтылды. Сондықтан аталған құжатта көрсетілген әрбір бастаманы орындауға бірлесе кірісуіміз қажет.
Қазіргі уақытта еліміздің әлемдік аренадағы беделі биік, абыройы асқақ. Мұның өзі мемлекетіміздің сындарлы саясат жүргізіп, халқының тыныштығын бәрінен биік қоя білуінің арқасы деп білемін. Өйткені қазіргі таңда әлем тыныштығы бұзылды. Геосаяси тұрақсыздықтан логистикалық тізбекке орасан зор шығын келді. Нәтижесінде бірқатар нарықтар жабылды. Осы тұста еліміз осындай сын сағатты пайдасына жаратып, ашылған жаңа нарықтарға кірді. Нәтиже де жоқ емес. Бұл туралы мемлекет басшысы «Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті. Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз» деп атап өтті. Осының өзі бүгінгідей әлемнің тыныштығына сызат түскен уақытта қазынамызды қампайту мақсатында жемісті жұмыс істегенімізді айғақтайды.
Қоғамның әлеуметтік ахуалы жақсарып келеді. Талай жыл білім саласында қызмет еткендіктен, ұстаздарға жасалып келе жатқан жағдайларды саралау барысында осындай тоқтамға келдім. Мәселен, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы 2 есеге өсті. Педагогтың қоғамдағы беделін биіктететін бастамалар қолға алынды. Оқушылардың сапалы білім алуына жағдайлар жасалуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осы айдан бастап 97 мың білім беру қызметкерінің жалақысы 30 пайызға өсетін болды. Колледж шәкіртақысы 50 пайызға артты. 1-4 сынып аралығындағы 1,4 миллионнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылды. Жаңа мектептерде 55 мың бала оқи бастады. Барлығы 2023-2024 оқу жылында 132 000 орындық 154 жаңа мектеп ашу жоспарлап отыр. Бұл ғана емес, енді еліміздегі мектептерде де ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істей бастайды. Жүйелі жұмыстар әрі қарай да жалғаса бермек. Жалпы мемлекет басшысының Жолдауының білім күні мерекесімен қатар келуінің өзі көп нәрседен хабар береді деп ойлаймын.
Биылғы Жолдауды педагог әрі мәслихат депутаты ретінде күткенім рас. Сәйкесінше, халықпен, педагогтермен кездесу барысында жиі айтылатын мәселелердің маңызы зор құжатта қамтылғанын да тілге тиек ете кетейін. Мәселен, ел Президенті бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары, білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы керегін айта келе, білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керегін тапсырды. Бұл көкейтесті мәселе болатын. Жасыратыны жоқ, еліміздің аумағы үлкен болғандықтан, сапалы интернет мәселесі әлі де бар. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын оқушылар ғаламтордың игілігін қолдана алмай келеді. Өйткені қазіргі уақытта мектепте берілетін біліммен шектелуге әсте болмайды. Бала жан-жақты болуы үшін заманауи технологияны пайдала алуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, мемлекет басшысы жүктеп отырған тапсырманың маңызы зор. Бұдан бөлек, еңбек нарығындағы сұранысты ескеру – заман талабы. Жоғары оқу орнында оқып, диплом алып, жұмыссыз атанып жатқан жастар жетерлік. Сондықтан да оларды жұмыспен қамтуда нарықтағы сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілгені жөн. Қазіргі таңда мемлекетімізде ауыл шаруашылығын дамытудың маңызы айрықша. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне ықпал етеді. Сол себепті аталған саланы жетік білетін мамандарды даярлай алсақ, экономикамыздың өрлеуі анық. Өйткені біздің өнімдерімізге Орталық Азияда сұраныс бар.
Жалпы Жолдауда қазіргі уақытта қоғамның көкейінде жүрген басқа да, атап айтқанда, жылдар бойы тозып, тозығы жеткен жылу электр станцияларының мәселесі, логистиканы дамыту, елімізді Еуразиядағы ең үлкен транзит хабы ретінде дамыту, жол саласының түйткілдерін тарқату, ІТ саланы жетілдіру, креативті индустрияны ілгерілету, халықтың қаржылық сауатын арттыру сынды түйткілді түйіндер мен оның шешу жолдары айтылды.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы өз Жолдауында «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз» деп атап өтті.
Осы тұста айта кетерлігі, кез келген бастаманы жүзеге асыруға ынтымақ пен бірлік қажет. Реформа халықтың қатысуымен жүруі керек. Сонда ғана нақты нәтиже болады. Ортақ отанымыздың дамуы жолында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, келер ұрпақтың қолына қуатты Қазақстанды тапсыру – біздің басты міндетіміз! Ендеше бірлігіміз бекем, бүгініміз берекелі, болашағымыз жарқын болсын!
Лазиз СУЛАЙМАНОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.