ЕСІРТКІ – ҒАСЫР ІНДЕТІ

Қазіргі таңда өскелең ұрпақ арасында сан түрлі мәселе бар. Ғаламтордың кең қолданысқа енуімен, түрлі жат қылықтар жастардың санасын улауда. Ол қатарда ғасыр індеті саналатын есірткі де бар. Бүгінде бұл кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінде күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болып келеді. Осы орайда, Шымкентте бұл бағытта жауапты мекемелердің бірлесе әрекет етуімен түрлі іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айта кету керек.

Мәселен, жуырда қалалық Жастар ресурстық орталығының Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімі, Қаратау ауданы әкім аппараты қызметкері мен Шымкент ҚПД Қаратау АПБ ЖПқБ УПИ полиция өкілдерінің қатысуымен «Diamond Рlaza» сауда орталығында есірткі заттарын насихаттау мен жарнамалаудың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жауапты мамандар жеке кәсіпкерлерге адамның санасына кері әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатуға тыйым салынғанын ескертті. Сондай-ақ сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген киім-кешектерді, тұрмыстық бұйымдарды сатқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны жөнінде жеткізді.
Айта кету керек, бұндай әрекет ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 423-бабында көрсетілгендей, яғни есірткі, психотроптық заттарды және сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау бойынша жауапкершілікке тартылады.