«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ: 129 ЖОБА ҚАРАЛЫП ЖАТЫР

Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы өзге де мемлекеттік бағдарламалармен бірлесе жұмыс істейді. Басты мақсат – отандық өндірістің әлеуетін арттыру арқылы бәсекеге қабілетті орта қалыстастыру. Жоғарыда атап өткен мемлекеттік бағдарламалардың қатарында «Ауыл аманаты» бағдарламасы да бар. Сәйкесінше, ауылды жерлердегі әлеуметтің әлеуетін көтеру мен жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейтін бағдарламаның аясында елімізде ауқымды бастамалар көтеріліп келеді. Тарқатайық…

2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен Түркістан облысына 19,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» жобасының 6 бағыты бойынша жалпы 978,8 млн теңгеге 129 жоба қаралуда. «Ауыл аманаты» бойынша кәсіпкерлік бағытына кәсіпкерлерді баулу мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен арнайы құрылған жұмысшы топтар өз жұмысын бастады. Облыс әкімінің орынбасар Нұралхан Көшеровтің бақылауымен жұмысшы топтар 2-8 тамыз айы аралығында барлық аудан және қалаларды аралады. Оның құрамына Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және «Ырыс» қаржы институтарының өкілдері кірді.
Жұмысшы топтың негізгі мақсаты — кәсіпкерлерді «Ауыл аманаты» жобасының 6-бағыты, яғни кәсіпкерлік бағытына баулу, қаржылай қолдау шараларын кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіру. Жұмысшы топтар алғашқы кездесулерін өңіріміздің Сауран, Созақ, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Отырар аудандары мен Кентау, Арыс қалаларынан бастады. Жұмысшы топтардың тұрғындармен кездесуінде кәсіпкерлік мақсаттағы профнастил, тері және жүн өнімдерін қайта өңдеу, газоблок, шлакоблок және лего кірпіш өндірісі, сабын, сұйық сабын өндіру, жиһаз жасау, ағаш цехін ашу, құрылыс қолғап өндірісі және құрылыс материалдарын жасау сынды жобалары талқыланды. Сондай-ақ кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен пайдасы және шығыны есептелген кәсіпкерлік мақсаттағы 50 әлеуеттік бизнес жоба кәсіпкерлер назарына таныстырылды.
Жұмысшы топ жиында көтерілген әрбір жобаны тізімге алып, оларды қаржыландыру деңгейіне дейін сүйемелдейтін болады. Жиын соңында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары кәсіпкерлерді кіші өндірістік жобаларды бастауға, ауыл шаруашылығынан басқа табыс табудың қосымша көздерін ашуға шақырып, қолдау көрсетілетінін қайталап атап өтті. Кәсіпкерлермен кездесу атқарушы билік пен бизнес арасындағы есеп беру түрінде емес, қаржылай қолдау алу процесі егжей-тегжейлі талқыланған, жүйелі проблемалық мәселелер ортаға салынған кездесу түрінде өткенін атап өткен жөн.