«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

Отбасы – қастерлі ұғым, қасиетті сөз. Дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп тектен-текке айтпаған. Осынау сөздің астарынан-ақ жанұяның адам өміріндегі маңызын айшықтай беруге болатын тәрізді. Демек ел мен жерге деген сүйіспеншілік, қоршаған ортаға деген құрмет дәл осы отбасынан басталады. Адам бойындағы асық қасиеттер де отбасында қалыптасады.

Осы тұста айта кетерлігі, Шымкент қаласында жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» байқауы отбасы құндылықтарын нығайтуға ерекше себеп болып келеді. Қазіргі уақытта отбасын сақтау, неке институтын нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру аса маңызды. Осы орайда, Шымкент қаласы Абай ауданында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының 1-кезеңі өтті. Байқауда 22 отбасының арасынан үздік болып танылған 4 жеңімпаз отбасы анықталды. Олар — Нұрмановтар әулеті, Иманалиевтер әулеті, Бекмуратовтар әулеті және Жақсыбаевтар әулеті. Биылғы конкурс қатысушыларының арасында Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртістері, ҚР Мәдениет саласының үздіктері, 10-ға жуық кітаптың авторы, 80 жасқа келген ақсақал-журналист, спорт және медицина саласына саналы ғұмырын арнаған жандар бар.
Жеңімпаздар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Айта кету керек, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мақсаты — үлгілі отбасыларды анықтап, оларды өзгелерге өнеге ету, ұлттық салт-дәстүріміз бен отбасылық құндылықтарымызды насихаттау, сол арқылы Отаншыл әрі ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Халқымыз ежелден ұлттық және отбасылық дәстүрлерді берік ұстанады. Бұл қоғамдағы рухани құндылықтарды сақталуына оң ықпал етіп келе жатыр. Сондықтан бұл іс-шараны Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі деуге әбден болады.