ЖҰМЫСТЫ ШИРАТУ ТАПСЫРЫЛДЫ
Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр. Бірақ әлі де мәселелер көп. Жұмысты ширатып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту керек.
Бұл түйткіл бойынша арнайы мәжіліс өткізілді. Жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды. Жобаны жүзеге асыруда кемшілікке бой алдырған әкімдер мен мекеме басшыларын сынға алып, есептерін тыңдады. «Ауыл аманаты» бойынша жобаларды қаржыландыру көрсеткіші төмен. Уақыт өтіп жатыр. Жоспарға енгізілген барлық ауылдарда жобалар толық жүзеге асып, елдің табысы артуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, сіздер ауыл шаруашылығындағы проблемаларды анықтап, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Белсенді тұрғындар өздері ізденіп, несиесін алады. Бірақ тұрғындардың бәрі ондай белсенді емес. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. Аудан, қала әкімдері, былай отыра беруге болмайды. Ізденіңіздер, «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Аз ғана жобаны игере алмай отырсыздар. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын» деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есептері тыңдалды. Жалпы жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 млрд теңгенің жобалары мақұлданған.
Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы. Айта кету керек, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көріледі.