Мектеп жанынан қосымша ғимарат салынса екен…

Мектеп жанынан қосымша ғимарат салынса екен…

 

Мектеппен қоштасу — балалықпен қоштасу. Мектеп біздің болашақ арман, мақсаттарымызға сенім беріп, жылулық пен бақыт сыйлады. Ал ұстаздарымыз болса біздерге ақылын айтып, үйретуден еш жалыққан емес.

Мектепте өткен уақыт біздер үшін шаттыққа толы, сәулелі, шуақты кезеңдер болып қала бермек. Бәйдібек ауданында, қарт Қаратаудың баурайындағы бұлақтардан бастау алатын, Ағыбет, Жұлдыз өзендерінің ағып келіп, қосылып, ары қарай Шаян өзені болып жалғасатын, табиғаты әсем, киелі Тасқұдық ауылында дүниеге келіп, осы ауылдағы, алтын ұямыз — “Тасқұдық” негізгі орта мектебінде білім алдық.
Білім ордамыз — негізгі орта мектеп болғандықтан, 9-сыныпты бітіргеннен кейін, кейбір сыныптастарым, Шымкент пен Түркістан қалаларындағы туған-туыс, ағайындарын сағалап, енді бірі көрші ауылдардағы мектептерде оқуын жалғастырса, мен болсам 10-11 сыныпты ауылымыздан 30 шақырым қашықтықтағы, аудан орталығында орналасқан Садық Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатында аяқтап отырмын. Алайда мен үшін кіндік қаным тамған ауылымдағы мектебімнің жай-күйі қай кезде де бірінші орында тұрады.
Елге ел қосылса құт — деген бабалардың өсиетті сөзі шын мәнінде, іске асып, бұл күнде ауылымыздың көркейіп жатқанының куәсі болып отырмыз. Тасқұдық ауылына — медициналық тірек пунктінің салынуы, табиғи газбен, ауыз сумен және халыққа қажетті әлеуметтік нысандармен толық қамтылуы мемлекетіміздің шалғай ауылдардың да әлеуетін жақсартуға баса назар аударып отырғандығының нақты жемісі деп ойлаймын.Бұл күнде ауыл халқының саны өсіп, құрылыстың қарқыны артып, үй саны 90-ға жуықтап қалды.
Қазіргі уақытта, Тасқұдық негізгі орта мектебінде оқушы саны 126-ға жетіп отыр.
Мектептегі оқушылар санының артуына байланысты, мектептің материалдық-техникалық базасын заман талабына сәйкес жақсарту мақсатында, негізгі орта мектепті, жалпы орта мектепке айналдыру үшін мектеп ғимараты жанынан қосымша құрылыс салынса екен…

Әлихан Айтбай.