МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАРҒА БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА
Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау ісіне айрықша мән беріліп отыр. Мәселен, бүгінгі таңда Шымкентте мүгедектігі бар азаматтардың қажетті құралдар мен қызметтерге қол жетімдігі мен сапасын арттыру мақсатында қолданысқа енгізілген әлеуметтік қызметтер порталы өз нәтижесін беруде. Қалада 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген болса, жыл басынан бері олардан порталға 30 мыңға жуық өтінім түскен.
Азаматтар арнайы портал арқылы протездік-ортопедиялық көмек құралдарына, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға, мүгедектерге арналған қол арба мен жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне, шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер бере алады. Елімізде 1 шілдеден бастап күшіне енген Әлеуметтік кодекс әлеуметтік қызметтер порталының мүмкіндігін арттыра түседі. Қолданба арқылы мүгедектектігі бар адамдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақтылы жеткізілмегеніне шағым беруге құқылы. Портал бойынша шешім қабылдайтын жергілікті комиссия өкілеттігіне өтінімді қарастыру, өнім берушіге сапасыз тауарды немесе қызметті көрсеткені үшін өтінімді жолдап, бақылауда ұстау, порталға кіруге шек қою және жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізу құқығы беріледі.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында мүгедектігі бар азаматтарға өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған. Әлеуметтік қызметкерлер қызмет түрлерін қажеттілікке орай шалғай шағынаудандарға арнайы қатынап та көрсетуде.