САЙРАМДЫҚТАР МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА НИЕТТІ

Сайрам ауданы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бірінші кезеңмен жағдайы төмен және ауыл шаруашылығына қолайлы деп танылған Ақбұлақ және Жібек жолы ауылдық округтері ұсынылған. Осы орайда, «Түркістан» ӘКК» АҚ басқарушы директоры Н.Исаев, «Ырыс» МҚҰ-ның басқарма төрағасы М.Мыңбаев, Түркістан облысы бойынша «Атамекен ҰКП» директоры А.Ибадуллаев және аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаевтар ауыл тұрғындарымен кездесті.

Қайнарбұлақ және Көлкент ауылдық округтерінің тұрғындарымен өткен жиындарда несиелеу шарттарын, кооперация құру механизмі, пилоттық ауылдық округтегі жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру тиімділіктері түсіндірілді. Бағдарлама аясында қолдаудың басым көпшілігін АӘК алушыларға беру және оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған. Бұл ретте, Ақбұлақ ауылдық округінде тұрғын саны 5600 адамды құрап, 52 отбасы, ал Жібек жолы ауылдық округінде 6060-қа жуық тұрғыннан 83 отбасы АӘК алып жатыр. Жоба аясында ауылдық округтерде әрбір үйлерді аралап, скриниг жүргізілген. Нәтижесінде мал шаруашылығы және құс шаруашылығымен айналысуға аталған ауылдық округтерінен 200 тұрғын, оның ішінде АӘК алушы 24 азамат жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алуға қызығушылық танытқан.
Бүгінгі таңда 62 азаматтың құжаттары тексеруден өтіп, сүт пен құс шаруашылығын дамыту бағытында «Ақбұлақ-ӨНІМДЕРІ» және «Қазақбай ДИЯ» ауылшаруашылық өнеркәсіп кешендері ашылды. Бұл кешендерде құс шаруашылығы, мал шаруашылығы, оның ішінде сүт өндірумен мал бордақылау бағыттары қосылды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасына қосымша қаржы бөлінуіне орай, аудан бойынша Қайнарбұлақ және Көлкент ауылдарын қатыстыру жоспарланып отыр. Облыстық ұйымның өкілдері бағдарлама аясында ауыл шаруашылығына қолдау тауып, несиелендірілген азаматтар ішінде облыс бойынша бірінші болып несие алып, өз кәсібін ашқан Ақбұлақ ауылдық округі тұрғыны Тұрар Сүлейменовтің шаруашылығында болды. Кәсіпкер өз шаруашылығын дамыту жұмыстары мен жоспарымен бөлісті. Жобаны іске асыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығы бойынша 8,6 млн теңге несие алуға мүлкін кепілге қоя отырып, өтінім жолдаған. Нәтижесінде облыстық комиссияның оң шешімімен 8 млн теңге берілді. Кәсіпкер несие қаржысына Ақмола облысынан 16 бас сауынды сиыр мал басын сатып алған.
Ақбұлақ ауылдық округіндегі «Ақбұлақ-ӨНІМДЕРІ» кооперативінің құрамына кіріп, несие алуға 104 азамат ниет білдірген. Оның 20-сы облыстық «Ырыс» микроқаржы ұйымына тапсырылып, ішіндегі 14 азаматтың құжаттары комиссия қарауынан өтіп, 10 азаматқа жалпы құны 53 млн теңге бөлінген. Ал Жібек жолы ауылдық округінде құрылған «Қазақбай ДИЯ» кооперативінің құрамына кіріп, несие алуға 96 азамат ниет білдірген. Оның ішінде 15 азаматтың құжаттары облыстық «Ырыс» микроқаржы ұйымына тапсырылып, ішіндегі 1 азаматқа 5,4 млн теңгеге несие қаралды. Облыс әкімінің тапсырмасымен ауыл шаруашылығы саласынан басқа да бағыттарды несиелендіру қажеттігі тапсырылған болатын. Осыған орай, жұмысшы топ тарапынан ауылдық округтерін қайта аралап, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұсынған шағын бизнес жобалармен таныстырып, насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр.