«АУЫЛ АМАНАТЫ» МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ЫҚПАЛ ЕТУДЕ
Түркістан облысына биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауымен аталған жобаны үйлестіру, тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау көрсету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында пилоттық жобаға қатысқан Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылдық округі бойынша 20 азамат несие алуға өтінім жолдаған. Бүгінгі күнге 10 азаматтың жобасы облыстық комиссия қарауынан өтіп мақұлданған. Несиелендірілген азаматтар ішінде облыс бойынша бірінші болып несие алып, өз кәсібін ашқан – Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тұрар Сүлейменов. Кәсіпкер өз жобасын іске асыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығы бойынша 8,6 млн теңге несие алуға мүлкін кепілге қоя отырып, өтінім жолдаған. Нәтижесінде облыстық комиссияның оң шешімімен 8 млн теңге қаржы берілген. Кәсіпкер несие қаржысына Ақмола облысынан 16 бас сауын сиырлар әкелген. Бүгінгі күнде әр сиырдан 10 литрден сүт алып, «Натур Продукт» ЖШС-не өткізуде. Кәсіпкер өз кәсібін дамыту аясында алдағы уақытта мал басын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер биылдан бастап беріліп жатыр. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Жобаға ауыл тұрғындарының қызығушылығы жоғары. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза.