ШЫМКЕНТТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАНЫТЫП ЖҮРГЕН ДИЗАЙНЕРДІ БІЛЕСІЗ БЕ?
Қоғамда сан түрлі сала бар. Әр салада қыруар іс тындырып, елдің атын әлемдік деңгейде танытып жүрген жандар да аз емес. Өз кезегінде, мұндай кәсіби мамандардың өнегелі өмір жолы мен жеткен жетістігі кейінгі буынға үлгі болары анық. Осы орайда, бүгінгі материалымызда сондай жандардың бірі турасында тарқата жазбақпыз. Ол – халықаралық деңгейдегі дизайнер Даулеталиева Сабира Оразбекқызы.
Сабира Озабекқызы — Шымкент қалалық опера және балет театрында жұмыс істеп келе жатқан кәсіби маман. Сахналық костюмдерді жоғары деңгейде әзірлеп, қойылымның шырайын келтіріп жүрген жоғары дәрежелі дизайнер 1979 жылы 23 желтоқсанда дүниеге келген. Қ.А.Яассауи атындағы ХҚТУ-дың «Өнер» факультетінде «Дизайнер» мамандығы бойынша білім алып, көп ұзамай өзі білім алған оқу орнындағы «Киім дизайны» кафедрасының оқытушысы қызметіне орналасады. Үздіксіз ізденістің арқасында 2002 жылы Минск қаласында «Этно-эрато» халықаралық жоғары ұлттық сән шеберлер байқауына өз жұмыстарымен қатысып, І орынға ие болды. Дәл сол жылы «Жыл дизайнері» аталымын иеленіп, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің стипендиясын алады.
Үздік сән шебері 2010 жылдан бастап Шымкент қалалық опера және балет театрының тігін цехының меңгерушісі, костюм-дизайнері, суретші-модельері қызметін атқарып келеді. Қызметке келген күннен бастап шеберлігінің арқасында аса ауқымды қойылымдардың кейіпкерлерінің костюмдерін жоғары талғамда тігіп, ерекше стильмен әзірлеумен танымал болды. Осы уақыт аралығында театрда Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу», У.Гаджибековтың «Аршын мал алан», Р.Леонковаллоның «Паяцы», Дж.Вердидің «Риголетто», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны», П.Масканьидің «Селская честь», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз», Ж.Бизенің «Кармен» операларына, Р.Шынықұловтың «Махаббат мұнарасы» мюзикліне және Р.Салаватовтың «Қарлы ханым», П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» балалар балетіне, Ф.Легардың «Көңілді жесір» оппереттасы мен Т.Жармұқаметтің «Домалақ ана» операсына костюмдерінің эскизін жасап, сахнаға лайықтап шығарды. Аталған қойылымдардағы өзінің тарихи уақытына сай және өте көркем етіп жасалған костюмдер көрермендер көңілінен шығып, жоғары бағасын алғанын да айта кету керек.
Жалпы аталған салада мұндай жетістікке жетіп, мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мамандар саусақпен санарлық. Сондықтан да көптің қолынан келе бермейтін істі иіріп әкетіп, абырой биігінен көрініп жүрген жандар қашан да құрметке лайық. Кәсіби маманның қолынан әлі талай айрықша дизайндағы костюмдердің шығарына сеніміміз мол!