ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Өткен аптада Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданына Жамбыл облысы әкімдігінің жер саласына жетекшілік ететін сала басшылары мен мамандары іссапармен келді. Топ ішінде өңірлік әкімі аппараты басшысының орынбасары-заң қызметінің басшысы Е.Байболат, заң қызметінің бас инспекторы Ш.Сламбек, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Б.Көпбосынов, осы басқарманың бас маманы Н.Артаев бар.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Моминжанов, жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Абылғазиев қатысты. Өз кезегінде Шухратулла Азатуллаұлы ауданның тыныс-тіршілігі мен жерге қатысты атқарылған жұмыстарды таныстырды. Сөзінше, бүгінгі таңда халық санының өсуіне байланысты тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер кезегінде тұрған азаматтардың саны жыл сайын артып отыр. Сонымен қатар жергілікті халықтың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларымен айналысатындықтан, жайылым мен суармалы жерлерге де сұраныс жоғары болып келеді.
Аудандағы тұрғын үй құрылысы үшін берілген жерлерді заңдастыру тәртібі, жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, мақсатты игерілмеген жер учаскелерін анықтап, қажетті шаралар қабылдау секілді маңызды мәселелер талқыланып, екі жақ бір-бірімен тәжірибе алмасты. Кездесу соңында жерге қатысты ұсыныс-пікірлер айтылып, тұрақты байланыс орнату бойынша келісім жасалды.