МАҚТААРАЛДА МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Мақтаарал өңірінде өткен жылы 80,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығында — 65,1 млрд теңге, мал шаруашылығында — 15,7 млрд теңге, ауыл шаруашылық қызметі саласында — 52,1 млн теңге. Бұл жайында брифингте аудан басшысы Бақыт Асанов мәлімдеді.
Сондай-ақ аймақтың негізгі капиталына салынған инвестицияның көлемі былтыр 22,5 млрд теңгені құрап, алдынғы жылмен салыстырғанда 4 пайызға өскен. Өз сөзінде аудан басшысы «2022 жылдың қорытындысымен аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 16 млрд теңгеге жетсе, өңдеу өнеркәсібі саласында 13,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар былтыр өңірде 23 мың шаршы метр тұрғын үй алаңдары іске қосылды. Инфрақұрылымды дамыту бойынша аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 67-сі, яғни 97,1%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда 49 елді мекенге 24 сағат, 18 елді мекенде кестемен ауыз су берілуде. Бұдан өзге, 69 елді мекеннің 36-сы табиғи газбен қамтылған. Бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 52,1%-ын құрайды. 2022 жылы 53,4 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолдар мен 46,5 шақырымдық елді мекендердің ішкі көшелері орташа және ағымдағы жөндеуден өтті» деді.
Сонымен қатар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауданда 2022 жылы 8 172 адам түрлі жұмыстарға тартылған. Қоғамдық жұмыс орындарына 2 042 адам жолданып, оның 1633-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Әлеуметтік жұмыс орындарына 369 адам жолданып, оның 331-і тұрақты жұмысқа орналасты. Ал жастар практикасынан 655 адам өтіп, оның 46-сы тұрақты жұмысқа орналасқан.