ДЕНІ САУ ҰРПАҚ – ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ

Бүгінгі өскелең ұрпақ арасындағы ең өзекті мәселенің бірі ретінде есірткіге деген тәуелділікті айта аламыз. Бұл — еліміздегі ғана емес күллі әлемдегі ең өзекті түйткілдердің бірі. Оң-солы қалыптаспаған талай жас есірткінің кесірінен айықпас дертке шалдықты. Міне, сондықтан да бүгінгі жас буынды мұндай істен аулақ болуға шақыратын түрлі бастамалар елімізде жиі көтеріледі.

Мәселен, жуырда Шымкент қаласында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Салауатты өмір салтын ұстан» тақырыбы аясында Отырар колледжінің жастары арасында кездесу өтті. Бұндай кездесулердің мақсаты — АИТВ/ЖИТС-тің және нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды спортқа баулу. Кездесуге Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков және нарколог Әсем Шаукенбаева қатысты.
Шара барысында полиция майоры студенттерге нашақорлықтың зияны, оның адамға әкелер зардабы жайлы баяндап, есірткі қылмысын жасағандарға қатысты қолданылатын жаза түрлеріне де тоқтала кетті. Сондай-ақ сала мамандары жастарды есірткіге құмарту өз өміріне ғана емес, қоғамға зияны тиетінін айтып, жастарға тура жол сілтеді. Жиын соңында қала жастары спикерлерге өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, нашақорлықтан арылту орталықтары, ол үшін қолданылатын заң жобалары жайындағы ақпаратқа қанық болды.