ШЫМКЕНТТЕ БІРЛІК КҮНІ ТОЙЛАНДЫ
1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында, Шымкент қаласында салтанатты шара өтті. Қиял әлемі саябағында өткен думанды шара барысында келген қонақтар Қазақстан халқы Ассамблеясының этнос өкілдерінің салт-дәстүрлерінен сыр шертетін көрмені, ART Sport үйірмесі шәкірттерінің туындыларын тамашалады.
Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов те қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Нақтырағы «Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың бірлігі бекем болса, экономикалық даму, бейбітшілік пен тұрақтылық бар екенін айтып өтті. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері өз болашағын Қазақстанмен байланыстырады және оның өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Біздің жалғыз отанымыз бар. Ол — Қазақстан. Бейбіт күнде, шаттыққа толы Бірлік күні құтты болсын!» деді шаһар басшысы.
Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Онда түрлі этнос өкілдерінің әндері шырқалып, билері көрсетілді. Айта кету керек, мерекелік кеште Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздары және «Айгөлек», «Шамсинур», «Еркетай», «Қаракөз», «Би таңы», «Қазына» би ансамблдері, «MEIR» балет мектебі және «Светоч» хоры өнер көрсетті.