ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ҮСТЕМЕ МӨЛШЕРІ 10%-ҒА ДЕЙІН ТӨМЕНДЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында экономиканы одан әрі монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау қажетін айтқан болатын. Нақтырағы «Нарықтың өзара байланысты субъектілері экономикалық әлеуетін бір жерге шоғырландыру үшін рұқсат алуға міндетті. Олардың барлық мәмілесін, соның ішінде нарыққа тән емес бағаларды қолдану белгілері бойынша жасалған келісімдерін де мұқият тексеру керек» деген болатын ел президенті. Арада біраз уақыт өтті. Президент тапсырмасы аясында атқарылған жұмыстар да аз емес. Тарқатайық…
Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ернар Қосбаев ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз брифингін өткізді. Аталған жиында бірқатар маңызды тақырыптар қозғалды. Атқарылған жұмыстарға ойыссақ, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментімен бәсекелестіктің бұзылу белгілерін алдын алу бағыты бойынша 19 нарық субъектісімен монополияға қарсы комплаенс бекітілген және 31 тауар нарығына талдау жұмыстары жүргізілді. Монополияға қарсы комплаенс негізінен әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларын өндіруші және көтерме саудада сатушы мекемелермен, сонымен қатар 2 ірі желі супермаркеттерімен бекітілді. Нәтижесінде «Фиркан» және «Gramad retail» ЖШС-не тиесілі ірі желі супермаркеттерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына заңда рұқсат етілген 15 пайыздық үстеме мөлшерін 10 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілген.
Сонымен қатар нарықтағы 31 тауарға жүргізілген талдаулар қорытындысы және де келіп түскен арыз шағымдар бойынша департамент Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 199-бабына сәйкес, 29 хабарлама шығарып, нәтижесінде келесідей жағдайларға қол жеткізілді. Атап айтқанда, қаламызда жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың отыны саналатын метанды өндіретін және сататын «KZ» ЖШС және «АГНКС Казахстан» ЖШС атты 2 компания қызмет атқарады. Осы 2 компанияның нарықтағы үлесі 100 пайызды құрап, талдау қорытындысымен осы нарық субъектілерінің іс-әрекетінде ҚР КК 170-бабы, яғни бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттер бұзушылық белгілері байқалған. Талдау қорытындысымен «KZ» ЖШС-не хабарлама шығарылып, метан бағасы 106 теңгеден 104 теңгеге дейін төмендетілді.
Бұдан бөлек, департамент тарапынан 2022 жылы 3 мемелкеттік органға және 29 нарықтық субъектісіне қатысты 19 тергеп-тексеру тағайындалған. Жүргізілген тергеп-тексерулер нәтижесінде 29 нарық субъектісіне айыппұл салынып, жалпы 132 млн теңге бюджетке өндірілді. Оның ішінде айта кететін мәселе, 2022 жылдың басында сұйылтылған мұнай газын бөлшек саудада сату нарығына бәсекелестікке қарсы көлденең келісімдер, яғни бағаны бірден өсіру және ұстап тұру фактілері бойынша 5 нарық субъектісіне тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, 73,7 млн теңге айыппұл салынып, бюджетке өндірілген. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде картельдік келісімдер болуына байланысты департаментпен 17 нарық субъектісіне 38,8 млн теңге айыппұл салынды. Шымкент қаласының Прокуратурасымен бірлесіп, «TS Оңтүстік мұнай сауда» ЖШС-не тексеру тағайындалып, нәтижесімен 4,5 млн теңге бюджетке өндірілгенін де айта кету керек.
Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментімен бірлесіп, Шымкент қаласында әрекет ететін энергиямен жабдықтаушы компанияларға, атап айтқанда, «Энергоснаб ХХІ» ЖШС, «Казсбытгрупп» ЖШС, «Гарант Энерго» ЖШС, «ЮгЭнергоимпульс» ЖШС-не бәсекелестікке қарсы келісімдер, адал бәсекелесудің орнына өзара уағдаластық қалыптастырып отыруына байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп, 19,2 млн теңге бюджетке өндірілген. 2022 жылдың 31 қаңтарында Мемлекет басшысының жарлығымен «әрекеттерінде картель белгілері байқалатын мемлекеттік сатып алуға қатысушыларға қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын тексерулер шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулер бойынша» мораторийден алынып тасталған болатын. Нәтижесінде осы бағыттағы заң бұзушылықтарды жою бойынша қазіргі таңда монополияға қарсы орган тарапынан аса қатты мән берілуде.
Жүзеге асқан жұмыстар мұнымен шектелмейді. Ашып айтсақ, тауық жұмыртқасын өндіру және өткізу нарығы бойынша жүргізілген талдау қорытындысымен қаламызда ресми тіркелген «Шымкент құс» және «Тассай құс» ЖШС-не бәсекелестікке қарсы келісімдер бойынша хабарлама шығарылған. Сонымен қатар, 2022 жылы жеңілдетілген автонесие басталуына байланысты, әлеуметтік желіде автосалондар тарапынан жаңа көліктерді сату кезінде қосалқы бөлшектерді қосу бойынша туындаған халықтың наразылығын ескере келе және депараментке түскен арыз шағымдар бойынша «Еуразиан моторс» ЖШС және «Тамерлан моторс» ЖШС-не Кодекстің 177-бабымен, яғни мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу нысанындағы жосықсыз бәсекелестікті жою жөнінде хабарламалар шығарылды. Нәтижесінде аталған компаниялардың ресми өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аталған заңбұзушылықтарын жою жөнінде тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын хабарлады.
Департамент басшысының айтуынша, агенттік құрылған сәттен бастап, агенттік төрағасының тапсырмасына сәйкес, департамент жанынан Кедергілерді жою жөніндегі кеңес құрылған болатын. Кеңестің құрамында қаламыздағы белгілі кәсіпкерлер, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы басшысының орынбасары, түрлі қауымдастық төрағалары мен заң өкілдерінен тұратын 13 адам бар. Кеңес құрылған сәттен бастап бүгінгі таңға дейін жалпы 16 жиын өткен. Онда мұнай саласы, фармацевтика, білім, денсаулық сақтау, жолаушылар көлігі және де басқа да салалар бойынша материалдар қаралып, ұсыныстар енгізілді. Нәтижесімен мұнай өнімдерін тауар биржасында сатып алу үшін ең төменгі меже мөлшері 20000 тоннадан 5000 тоннаға дейін төмендетілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларын бекіту туралы» №598 бұйрығында нарық субъектілеріне тең дәрежеде мүмкіндіктер берілмеуіне байланысты, тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар жолданды. Қазіргі таңда аталған ұсыныстар агенттік пен ҚР Оқу-ағарту министрілігі арасында жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл дегеніміз Кедергілерді жою жөніндегі кеңес жұмысының нарықтағы бәсекелестікті қорғау және дамыту бағытында тиімділігі өте ауқымды екенін аңғартады. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы тұрғындарына, кәсіпкерлерге және де белсенді азаматтарға өз кәсібін дамыту барысында қандайда бір кедергілер кездессе, сол сұрақтарды кеңесте қарастырып, шешімін табуға мүмкіндіктері бар. Бүгіңгі таңға департаментпен 6 тауар нарығына талдау және 5 нарық субъектісіне тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Жасыратыны жоқ, бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына әсер ететін бірден-бір себеп – ол базарлардағы орынды жалдау ақысының қымбат болуы. Осыған байланысты, департамент базарларда азық-түлік тауарларына сататын жерлердің жалға алу бағасына талдау жүргізіп, 5 базар басшылығына тиісті Заң Кодексінің 169-бабы 2-тармағы бойынша, яғни нарық субъектілерінің сатылас келісімдерін жою жөнінде хабарлама шығарған. Хабарлама қорытындысымен базарлардың басшылығы базардағы орындарды тікелей жалдаушылармен келісімшартқа тұрып, ортадағы артық делдалды жоюға септігін тигізді.
Қорыта айтқанда, нарықтағы монополияны жою бойынша бірқатар батыл бастамалар жүзеге асуда. Нәтиже де жоқ емес. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.