ЖЕДЕЛ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ШАРАЛАР НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

Бүгінде қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Әдетте жәбірленушінің өз құқықтарын білмеуінен немесе өзге де себептермен қылмыс ашылмай қалып жатады. Сондықтан әрбір отбасының мүшесі өзін қауіпсіз сезінуі үшін құқықтарын білуі керек. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері де жұмыс қарқынын үдеткені абзал.

Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек» деген болатын.
Осы тұста айта кетерлігі, жедел қолға алынған шаралардың арқасында Шымкентте құқық бұзушылыққа қарсы профилактикалық жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Нақтырағы, қылмыс саны 2022 жылы (2021 жылмен салыстырғанда) 11 пайызға азайған. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының Полиция қызметкерлері азаматтардың тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жазған өтініштеріне жүйелі түрде талдау жүргізіп, әрбір проблемалық отбасылармен кездесіп, профилактикалық жұмыс атқарып келеді.
Бұдан бөлек, 2022 жылы полиция органдарында жұмыстың сервистік моделі енгізілді. Осындай ауқымды жоба нәтижесінде жергілікті атқарушы орган тарапынан шұғыл шешілуді қажет ететінін, атап айтқанда, бейнебақылау камерасын орнату, жарықтандыру, жасанды жол кедергілерін орнату, қылмыс көп орын алатын қараусыз қалған аумақта жаяу патрульдік полиция қызметкерлерін қою бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, орындалуы бақылауға алынған.