BRENT МҰНАЙЫНЫҢ БАҒАСЫ ҚАЙТАДАН КӨТЕРІЛІП ЖАТЫР
Күні кеше Астана уақытымен сағат 04:09 шамасында Brent мұнайының бір баррелінің құны 6,43%, яғни 85,03 долларға дейін өсті. Лондонның ICE биржасында 2023 жылдың маусымында жеткізілетін Brent маркалы мұнай фьючерстерінің құны 7 наурыздан бері алғаш рет 85 доллардан асты.
Оны дүйсенбідегі сауда-саттық деректерінен көруге болады. Сағат 04:23-ке қарай Brent баррелі 85,45 (өсім — 6,96%) долларға жетті. Сонымен қатар 2023 жылдың мамырында жеткізілетін WTI маркалы мұнай фьючерстері 7,15% қымбаттап, баррелі 81,08 долларға жетті. 2 сәуірде бірқатар ОПЕК+ елдері, оның ішінде Қазақстан күтпеген жерден мамыр айынан бастап жылдың соңына дейін мұнай өндіруді қысқартатынын жариялады.
Қысқартудың жалпы көлемі — тәулігіне шамамен 1,65 млн баррель болуы мүмкін.