БАНКРОТТЫҚ РӘСІМІ: НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?
3 наурыздан бастап азаматтардан банкрот деп жариялау бойынша өтініш қабылдау басталды. 31 наурыздағы жағдай бойынша 34 мыңнан аса өтініш тіркелген. Өтініштер негізінен eGov.kz электрондық Үкімет порталы және e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы түсіп жатыр. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң талаптарына сәйкес 15 жұмыс күн ішінде салық органдары азаматтың төмендегі талаптарға сәйкестігін тексереді. Олар — банк, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарызы 5,5 млн теңгеден аспауы керек (1600 АЕК), қарыздың өтелмегеніне 12 айдан асуы керек, ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүлік болмауы керек (автокөлік, пәтер, үй, жер телімі, банктегі депозит және т.б.), банкпен, микроқаржы ұйымдарымен борыш бойынша реттеу рәсімінің жүргізілуі керек.
«Атаулы әлеуметтік көмекті 6 ай қатарынан алушылар үшін және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін бөлек тексеріс жүргізіледі. Тексеру мемлекеттік органдар, банктер мен кредиттік бюроның электрондық базаларымен есеп айырысу арқылы «Qoldau» жеке тұлғалардың банкроттығы ақпараттық жүйесінде автоматты түрде жасалады» дейді вице-министр.
Сонымен қатар министрлік өкілі тұлғалардың банкрот ретінде рәсімдеу бойынша қаржылық көмек алудың заңды жолын түсіндірді. «Клиенттерге олардың қатысуынсыз банк алдындағы қарызын жоюға уәде беретін хабарландырулар бар. Тіпті банкрот мәртебесін алып береміз деушілер де бар. Әрине, бұл дұрыс емес, шындыққа жанаспайды. Бөгде адамдар банкрот мәртебесін алуға кепілдік бере алмайды. Бұл жерде алаяқтықтың белгісі бар» деді Ержан Біржанов. Сондай-ақ вице-министр банкрот мәртебесін рәсімдеуде заңды тұлғаларға жүгінудің болатындығын мәлімдеді. Айтуынша, «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң аясында қаржы басқарушылары қарастырылған. Олар банкроттық рәсіміне көмектесе алады, бұл заңмен реттелген. Сол сияқты заңда аталған қызметі үшін төменгі айлық жалақыға сәйкес төлем көзделген. Егер сіз қаржы басқарушысын жалдасаңыз, оған 70 мың теңге көлемінде төлейсіз, одан көп емес. Тағы бір жайт, егер клиент әлеуметтік осал топқа жататын болса, қаржы басқарушысының қызметін бюджет есебінен өтеу қарастырылған. Бүгінде 170-ке жуық маман қаржы менеджері ретінде тіркеліп отыр. Банкроттық бойынша білікті көмек алу үшін соларға жүгінуге болады.
Бұдан бөлек, банкрот мәртебесін алуға берілген өтініш қанағаттандырылмай, бас тартқан жағдайда оның себептерін жою үшін құзырлы мемлекеттік органдарға жүгінуге болады. Яғни алдымен банк алдындағы қарызы, яғни несиені өтеу бойынша сол банкке, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлік агенттікке жүгінген жөн. Клиенттің атында жылжымайтын мүлік болған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығы немесе электронды үкімет порталы арқылы әділет органдарына өтініш білдіре алады. Ал банкроттықты рәсімдеу барысында автокөлік бойынша мәселе туындаса Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелеріне немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласу қажет. «Банкрот мәртебесін тағайындауда жер учаскесінің болуы, төрт түлік малы және арнайы техникасы кедергі келтірсе, мәселені жергілікті әкімдік арқылы шешу мүмкіндігі бар. Ал клиенттің жеке кәсібі бары анықталса, мемлекеттік кірістер органына жүгінген абзал» дейді министрдің орынбасары. Айта кету керек, банкрот мәртебесін алған азаматтар бес жыл бойы несие ала алмайды. Вице-министрдің айтуынша, сотсыз банкрот деп танылмаған азаматтар араға 3 ай салып қайта өтініш бере алады. Азаматтардың жеке мәліметтері бойынша деректер базасына құзырлы мемлекеттік органдар жауапты екенін еске саламыз. Жоғарғы соттың мәліметтеріне сәйкес, бүгінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе банкроттықты сот арқылы рәсімдеу туралы 139 тұлға өтініш білдіріп, арыз берген. Еске салсақ, 3 наурызда елімізде банкроттыққа өтінім қабылдау басталды.