ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСШЫЛАРҒА ҚҰҚЫҚТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Шымкент қаласында еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғауға байланысты семинар-тренинг ұдайы өткізіліп келе жатыр. Бастамаға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы мұрындық болуда.
Бұл жолғы шара құрылыс Шымкент қаласында жол құрылысы саласында 25 жылдан астам тарихы бар ірі компаниялардың бірі «Береке А» корпорациясында өтті. Аталған компания бүгінде автомобиль жолдарының құрылысымен және бетон өндірісімен айналысады. Мекемеде 200-ден аса қызметкер жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жұмыс уақытындағы қауіпсіздік мәселесінің маңызы айрықша.
Шараға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов қатысты. Жиын барысында өндірістік жарақаттанудан, кәсіби аурушаңдықтан сақтану, өндіріс орнында тәуекелдерді азайту және қауіптерді жою үшін қауіпсіз жұмыс ортасын қамтамасыз ету маңыздылығы жөнінде сөз өрбіді. Кездесуде Жарқынбек Айдарбекұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға өндірістегі жазатайым оқиғалардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлін, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша жұмысшыларды оқыту негіздерін, сондай-ақ, еңбек жағдайын жақсарту жөнінде түсіндірді. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес санитариялық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені түсіндірілді.
Жиын соңында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек компания қызметкерлерін кәсіподаққа мүшелікке кіруге шақырып, бастауыш кәсіподақ ұйымын ашу жолдары мен кәсіподақ ұйымы бар мекемелердің артықшылықтары жайлы айтып өтті.